Руханият • Кеше

Ғылым әлеміндегі «Шәкәрім» журналы

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шәкәрімтануға сүбелі үлес қосып келе жатқан басылымдардың бірі – «Шәкәрім» ғылыми-танымдық журналы. Биыл оның жарық көргеніне 20 жыл толып отыр.

Ғылым әлеміндегі «Шәкәрім» журналы

Шәкәрім университетінің бастамасымен жарық көріп келе жатқан басылымның 20 жылдығы аталып өт­ті. Оған университет ректоры Думан Орынбек және филология ғылым­дары­ның докторы, профессор Арап Еспенбетов, тарих ғылымдарының кан­дидаты, профессор Мұхтарбек Кәрі­мов, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Тоқаев, әде­биеттанушы, энциклопедист-ғалым Тұрдығұл Шаңбай, Шәкәрім уни­верситетінің профессоры, тарих ғылым­дарының кандидаты Амантай Исин, PhD Қарлығаш Әубәкірова, басқа да Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен университет декандары, оқытушылары қатысты. Айтулы жиын­да ректор Думан Орынбек, Арап Еспенбетов, Зейнолла Тоқаев қатарлы ғалымдар «Шәкәрім» журналының ғылыми ерекшеліктерін айтып берді.

– Бұл – тек бір басылымның ғана емес, тұтас бір ғылыми бағыттың қалып­тасуына ықпал еткен айтулы басылым деуге болады. 2004 жылы негізі қалан­ған журналдың алғашқы нөмірлері кезін­де-ақ қазақ руханиятына жаңаша сер­пін берген еді. Басылымның негізін қалау­шылар – белгілі ғалым, қоғам және мәде­ниет қайраткерлері Ерлан Сыдықов пен Тұр­дықұл Шаңбай ағаларымыздың ең­бегі зор екенін айтуымыз керек. Басы­лым бүгінде шәкәрімтану ілімінің дамуы­на өз үлесін қосып келеді, – деді ректор.

Ұлы ойшыл, ақын, ғұлама Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығар­ма­шылығын жан-жақты зерттеуге, оның философиялық және этикалық көзқарастарын қазіргі заманмен байланыстыра зерделеуге арналған мақалалар тұрақты түрде жарияланып тұрады. Осынау 20 жыл ішінде журнал­дың мазмұны мен ауқымы кеңейіп, елтану, абайтану, шәкәрімтану, алаштану, фәлсапа, сондай-ақ әдебиет пен өнер салаларын қамтитын беделді ғылы­ми басылымға айналды. Мұнда тек тәжі­рибелі ғалымдардың зерттеулері ғана емес, жас зерттеушілер мен қалам­гер­лердің шығармалары да жарық көреді.

пр

Іс-шара барысында журналдың 20 жылдық тарихы мен жетістіктері сараланып, оның қазақ ғылымы мен мәдениетіне қосқан үлесі кеңінен айтылды.

– Осыдан 25 жыл бұрын Алматыны тастап, Семейге оралу маған оңай болған жоқ. Дегенмен жерлестерімнің, оның ішінде Шәкәрім университетінің сол кездегі ректоры Ерлан Сыдықов­тың шақыруына елге бара алмаймын деп айта алмадым. Семейге орала сала, университет жанынан «Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығын» ашып, оның ғылыми тұжырымдамасын дайын­дадым. Сол ғылыми концепция негізінде, іргелі үш жұмыс қолға алынды. «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясы, көптомдық «Шәкәрімтану мәселелері» сериялық жинағы және осы «Шәкәрім» ғылыми-танымдық журналы. Ең бастысы, Алматыдағы тәжірибе-ме сүйеніп, еліміздегі мүйізі қарағайдай ғалымдар осы іргелі жұмысқа атсалысып, қолдады. Академик ұстаздарым Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, бірге жұмыс істеген академик Әбдімәлік Нысанбаев, шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлі, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы, академик Ғарифолла Есім, шәкәрімтанушы Балтабай Әбдіға­зи, тағы басқа ғалым ағаларға, замандас­тарыма алғысым шексіз, – дейді журнал­дың редакторы, ғалым Тұрдығұл Шаңбай.

Ғалымның айтуынша, «Шәкәрім» журналы кейінгі жылдары көптомдық «Шәкәрімтану мәселелері» жинағы­ның және ауқымды ғылыми еңбек – «Шәкә­рім» энциклопедиясының қалыптасуына негіз болып отыр.

– Бір кезде Әлихан Бөкейхан университетінде «Алаштану ғылыми-зерттеу орталығын» ашып, сонда бас­шылық еттім. Одан соң Абай му­зейін басқардым. Осы аралықта «Шәкәрім» ғылыми-танымдық журналы жабылып қалыпты. Іскер ғалым Думан Орын­бек Шәкәрім университетіне ректор болып келгенде, мені жұмысқа шақырды. «Кезінде өзіңіз бастаған жұмыс­ты қайта қолға алып, қалпына келті­ріңіз. Университет жанынан «Шәкә­рім ғылыми музейін» жасаңыз» деді. Нәтижесін көріп отырсыздар. Бүгін міне жиырма жылдығын атап өтіп отырған «Шәкәрім» ғылыми-танымдық журналында, қаншама елдік мәселені көтерген мақала жарық көрді. Ол бүгінгі рухани байлық, ертеңгі тарих, – дейді Тұрдығұл Шаңбай.

Мерейтой аясында қайта ашылған Шәкәрімтану ғылыми орталығының дайындауымен жарық көрген «Родник по имени Шакарим» атты кітап таныстырылды. Бұл туынды – ұлы тұлғаның рухани әлемін, адамгершілік ұстанымдарын, әлемдік ой кеңістігіндегі орнын көпшілікке таныта түспек. Аталған еңбек Ресейдегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен басылып шығыпты.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар