Қоғам • Кеше

Қаламгердің қомақты кітабы

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығының лауреаты, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Egemen Qazaqstan» газетінің Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі, журналист Ғалымжан Елшібайдың «Қаламға қонған құт» атты кітабы оқырманға жол тартты.

Қаламгердің қомақты кітабы

Шымкенттегі «Қызғалдақ» сарайын­да өткен кітаптың тұсаукесер рәсімі бел­гілі ақын, «Алаш» сыйлығының лау­реа­ты Нармахан Бегалыұлының ақ батасы­мен ашылды. Салтанатты іс-шараға республикаға танымал мемлекет және қо­ғам­ қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер қатысты. Ал кітаптың тұсауын Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Түркістан облыс­тық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев,  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және жазушы Мархабат Байғұттың жұбайы Қыздаркүл Пернебайқызы кесті.

Осы салтанатты кеште Ғ.Елшібай Жур­налистер академиясының толық мүшесі (академик) атанды. Мәртебелі атақты Еуразия ұлттық университеті Жур­налистика мәселелерін зерттеу инсти­тутының директоры Қайрат Сақ пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сандыбай Аяған тапсырды. Сонымен бірге Түркістан облыстық мәслихатының депутаты қызметін атқарып жүрген қалам­гер Ғалымжан Елшібай Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталды.

Алқалы жиында Ұлттық ғылым ака­демиясының академигі, Ж.Тәшенов уни­верситеті директорлар кеңесінің төрағасы Оңалбай Аяшев, М.Әуезов атындағы Оң­түстік Қазақстан университеті Өз­бекстан филиалының ректоры­ Дария Пернешқы­зы, Түркістан облы­сы­ның құрметті аза­маты Созақбай Әбді­құлов сөз сөйлеп, кі­тап авторының шығармашылығына қатыс­ты ой-пікірлерін білдірді. Кешті белгілі ақын, ғалым, баспагер Темірғали Көпбаев жүргізді.

Жиын барысында Ғ.Елшібай жарық көрген алғашқы кітабының мазмұнымен та­ныстырды. Журналистика саласында отыз жылдан астам тер төккен қалам­гердің 50 жылдық мерейтойы аясын­да­ғы еңбегі екен. Жинаққа Ғалымжан Қамыт­бекұлының аудандық, облыстық, респуб­ли­калық басылымдарда әр жылдары жа­рияланған мақала, сұхбаттары еніп отыр. Онда тұғырлы тұлғалар туралы танымдық-зерттеу мақалалары, ұлттық құндылықтар, ата дәстүр, тіл, дін, саяси тақырыптағы сарап­тамалар, ұлт руха­нияты туралы публи­цистикалық шығар­малар, мөлтек сезім­де­рінің сырларын шерткен жырлары топ­тастырылды. Мә­селен, «Тұғырлы тұл­ға­лар» тарауы Тұрар Рысқұлов, Сұл­танбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Нұр­тас Оңда­сынов, Дінмұхамед Қонаев, Асан­бай Асқа­ров сынды қазақтың біртуар пер­зент­терінің өміріне қатысты зерттеулерге арналған.

Төлеби ауданы Қасқасу ауылының тумасы Ғалымжан Елшібай Қазақ ұлт­тық университетінің журналистика факультетін үздік бітірген. Алғашқы ең­бек жолы аудандық «Төлеби туы» газетінде басталды. «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде жемісті еңбек етті. Республикалық «Жас Алаш» газетінде осы өңірдің меншікті тілшісі болып ұзақ жылдай қызмет атқарды. Сондай-ақ қазақ руханиятының қарашаңырақ басылымдары «Ана тілі» мен «Қазақ әдебиеті» газеттерінде де қалам тербеді. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері бір кездері Қазақстан Журналистер одағы­ның Түркістан облыстық филиалын да  басқарды.

 

ШЫМКЕНТ

Соңғы жаңалықтар