ЖОЛДАУ • Бүгін, 08:48

Су үнемдеу мәдениетін нығайту маңызды

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тіршілік нәрі саналатын суды үнемдеу – өзекті мәселе. Кейде еларалық шиеленіс осыдан да туындап жатады. Ысырапқа жол бермей, үнеммен игілікке жарату мәдениеті қалыптасқан елде алаңдаушылық болмайды.

Су үнемдеу мәдениетін нығайту маңызды

Сурет: ulys.kz

Табиғи ресурстарға, соның ішінде суды үнемдеуге байланыс­ты олқылықтар да аз емес. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да сынға алып, нақты тапсырмалар берді. Осы орайда Мемлекет басшысы: «Су үнемдейтін технологияны енгізу жұмысы баяу жүруде, нақты нәтиже әлі жоқ. Бұл жұмысқа белгілі шетелдік компанияларды тартқан жөн. Сондай-ақ Қытайда жасалған әлемдегі ең озық технологияларды сатып алуға болады. Су тапшылығына байланысты қиындық болуы мүмкін екені алдын ала ескертіліп жатады. Соған қарамастан, диқандар суды көп қажет ететін дақыл егуді азайтар емес. Тіпті егін суаруға қажетті суды еш рұқсатсыз, шартсыз бұрып алатын жайт жиі кездеседі. Тағы бір келеңсіз жағдай – «қара нарықтағы» суды заңсыз сату я сатып алу. Құқық қорғау мекемелері осы мәселемен айналысуы қажет», деді.

Суды иемденіп, диқандарға, қарапайым халыққа саудалаудың ақыры жақсылыққа апармағанын Қызылағаштағы тасқын айқындап берген жоқ па? Суды сатып, пайда табамын дегендер, ең алдымен, қауіпсіздікке бас ауыртуға тиіс. Өйткені еліміздегі суқоймалары мен тоған, жылғалардың басым көпшілігі ескіріп, тозған. Күрделі жөндеуді, кейбірі тіпті қайта қалпына келтіруді қажет етеді.

Президент биылғы Жолдауында Үкі­метке су ресурстарының бірың­ғай цифрлық платформасын жасауды мін­дет­теп, «су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі» екенін ескертті. Ұлттық қауіпсіздіктің бір кепілі – су саласы. Елімізде осы өріс­ті реттеу мақсатында арнайы Су кодексі қабылданды, тіпті министрлік те құ­рылды. Ірге көтерген ведом­ство­ның арқалар аманаты ауыр. Ең алдымен елімізде су мамандары тапшы. Әсіресе тіршілік көзіне қатысты қоңсы қоныс­тан­ған елдермен араағайындыққа жүріп, ұпайы­мызды түгендейтін дипломат мамандар тіпті қат.

«Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс. Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Плат­формада жасанды интеллект не­гізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Сондай-ақ каналдардың, суқой­малары мен бөгеттердің жай-күйі жөніндегі ақпарат болады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес», деген Мемлекет басшысының тапсырмасы қаншалықты орындалып жатыр? Президент міндетте­месінен кейін Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті «тұтынудың әлеуметтік нормаларын» енгізді. Осылайша, сумен жабдықтау қыз­метіне сараланған тарифтерді өзгертті. Нақтырақ айтқанда, енді 3 текше метрге дейін тариф бағасы қымбаттамайды. Ал 3-тен асып, 5 текше метрге дейін су тұтынатындарға бағытталатын тариф құны 20%-ға жоғары болады. 5–10 текше метр мөлшерінде суды қажетсінетіндерге тариф 50%-ға жоғары. 10 текше метрден көп су пайдаланушылар үшін тариф 100%-ға қымбаттайды. Енді азаматтар үй шаруашылығында суды неғұрлым көп тұтынған сайы­н жоғары тарифпен төлейді. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, «тұтынудың әлеуметтік нормаларын» ескере отырып, тарифтер еліміздегі сумен жабдықтаушы 63 ұйым үшін қайта қаралған. Жаңа нормаларды енгізудің тиім­ділігі мол дейді мамандар. Суды үнеммен тұтыну мәдениетін қалып­тастыратын маңызды қадам саналып отыр. Былтыр осы тариф іске қосылған қалаларда суды тұтыну бұрынғыдан 8%-ға төмен­деген. Есептеу құрал­дарын орнату 4 %-ға артты. Былтыр үнемделген судың мөлшері 1,6 млн текше метрге жеткен. Бұл – Қостанай облысындағы Лисаков қаласының тұрғындарына бір жылға жететін су. Статистикалық деректі сөйлетсек, Алматы, Шым­кент қалалары, Ақмола, Түркіс­тан, Ұлытау, Ақтөбе облыстарында сараланған тарифті енгізу тиімді екенін көрсетті. Соның нәтижесінде 900 миллион теңге көлемінде қаражат үнем­деліп, су құбыры желісін жөндеуге жұмсалады.

Сумен жабдықтаушы ұйымдар­дың жаңа тарифпен есептеуден түскен барлық қосымша қара­жатты уәкілетті орган желілерді жөндеу мен инфрақұрылымды жаңғыртуға бағыттауды бақылауға тиіс. Қара­жаттың мақсатсыз жұмсал­мауын қадағалап, қызметтердің ашықтығы мен сапасын арттыруды қамтамасыз етеді. Су тұтынушы азаматтарға қайтпек керек? Төлемді дұрыс есептеу үшін жеке су есептегіш орнатудың маңызы жоғары. Судың мөлшері пәтерде нақты тұратын әрбір адамға есептеледі. Артық төлемес үшін тұрғындар есептеу құрылғысын орнатып, қадағалап тұрғаны жөн. Пәтер тұр­ғындарын тіркеп, ай сайын қан­дай мөлшерде су тұтынғанын жабдықтаушы ұйымға жолдаған абзал. Үнемдеуді әркім өзінен бастаса игі. Есептегіштерді орнатудан бөлек, әр тұтынушы суды күнделікті тұтынғанда үнемдеу ережелерін сақтауы керек. «Судың да сұрауы бар» деген тәмсіл тегін айтылмаған. Елімізде «көп тұтынсаң,  көп төлейсің» қағидаты енгізілгенін әрбір азамат көкейіне мықтап тоқығанда үнемдеу мәдениеті қалып­тасатыны анық.

Тіршілік нәрін үнемдеп, тиімді тұтынуға қатысты Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суды үнемдеуде рацио­налды пайдалануға ынталандыру мақсатында тарифтік саясат қолданылатынын айтты. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында министр суға төленетін тарифтік баға ауыл шаруашылығы дақылдарының түріне қарай, шаруалардың тұтын­ған көлеміне, суды үнемдеу технологиясын қолданудың ретіне сай белгіленетінін айтты.

«Бұл бастама суды үнемдеп, тиімді пайдалануды күшейту үшін қолға алынды. Президент суармалы жерлерге қажет суға тарифтік сая­сатты жетілдіруді тапсырды. Осы­ған орай Ұлттық экономика министрлігіне суармалы жерлерге қажетті суға тарифтік реттеу орнату құзыреті берілді», деді Н.Нұржігітов.

Еліміздегі су тапшылығы мәсе­лесін депутаттар да әрдайым көте­ріп, түйткілдің түйінін шешудің маңызды екенін айтудай-ақ айтып келеді. Жуырда Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров су тапшылығы көп өңірде айқын сезілетінін, Батыс Қазақстан облысында тіршілік нәрін тиімді пайдаланбай, осы салаға бө­лінген бюджет қаржысы орынсыз жұмсалғанын да сынға алған болатын.

Мемлекет басшысы Жолдауында суды үнемдейтін тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы саласына жаңа экологиялық әрі сани­тарлық-гигиеналық ережелер енгізуді міндеттеді. «Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы саласын үнемшіл болуға ынталандыратын жаңа экологиялық және санитарлық-гигиеналық ережелер енгізу керек. Табиғи ресурстарды, әсіресе суды үнем­деу мәдениетіне келсек, ол жағынан үлкен кемшілік бар екенін мойындауы­мыз қажет. Яғни атқарылатын жұ­мыс шашетек­тен. Бұл – азаматтардың, әсіресе жастардың арасындағы түсіндіру шара­ларының, тіпті идеология жұмы­сының жеке бір бағыты. Біз қазірдің өзінде судың тапшылығын сезініп отырмыз. Ал оны тұтыну мәдениеті төмен», деді Қ.Тоқаев.

Қамсыздық қашанда қапы қалды­рады. Суды үнемдеуді әркім өзінен бастап, айналасына да осы мәдениетті үйрете білсе.