Қоғам • Бүгін, 10:35

Көп қабатты тұрғын үй өртеніп, 44 адам қаза тапты

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Гонконгтың солтүстігінде ірі тұрғын үй кешені өртеніп кетті.  44 адам тілсіз жаудың құрбаны болып, 100 -ге жуық тұрғын табылмай жатыр. Құтқару жұмыстары әлі тоқтаған жоқ, деп жазады Egemen.kz.

Көп қабатты тұрғын үй өртеніп, 44 адам қаза тапты

Фото: AFP via Getty Images

Қала билігі өртке байланысты абайсызда кісі өлтіру күдігімен үш адамды ұстағанын хабарлады. Полицияның мәліметінше, 52 мен 68 жас аралығындағы бұл азаматтар ғимаратта жөндеу жұмыстарын жүргізген құрылыс компаниясының қызметкерлері. Оның ішінде екеуі компания басшысы, тағы біреуі инженер кеңесші. Тексеру барысында ғимараттың сыртқы қабатында отқа төзімсіз материалдар қолданылғаны анықталды.

Полиция өкілі компания жетекшілерінің өрескел немқұрайлылығы өрттің жылдам тарауына себеп болып, үлкен апатқа әкелгенін айтты.

Кешеннің 65 жастағы тұрғыны AFP агенттігіне берген сұхбатында бұл үйде 40 жылдан бері тұратынын, ал көршілерінің көпшілігі егде жастағы адамдар екенін жеткізді.

Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары салдарынан терезелер жабық тұрған. Кей тұрғындар өрт шыққанын байқамай қалған. Оларға көршілері телефон шалып, дереу эвакуациялануды ескерткен. 

өрт

Өрт кешендегі 8 корпустың жетеуін шарпыды. Жалынды сөндіруге 700-ден астам құтқарушы жұмылдырылған. Апаттан кейінгі таңертең де бірнеше ошақты оқшаулау жұмыстары жалғасқан. Өрт ғимаратта жөндеу жүргізіліп жатқан сәтте тұтанған. Нақты себебі белгісіз. 

Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли бейсенбі таңертең 279 адамның із-түзсіз жоғалғаны жөнінде ақпарат берді. Кейін өрт сөндіру қызметі олардың бірқатарымен байланысқа шыққанын хабарлады. Төтенше жағдайдан кейін 900-ден астам адам уақытша орналастыру орындарына жеткізілді.

Қытайдың мемлекеттік CCTV телеарнасы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтқанын хабарлады.

Өрт туралы хабар сәрсенбі күні жергілікті уақытпен 14:51-де түскен. Қауіптілік деңгейі ең жоғарғы бесінші санатқа бағаланған. Полиция жақын маңдағы үйлерді толық эвакуациялады.

Кей тұрғындар өрттің тым ауқымды болып кеткеніне наразы. Олар биліктің әрекетін сынға алып, өрт сөндіру бөлімшесі дәл жанында тұрғанына қарамастан, жалынның тез таралғанына қатты қынжылыс білдірді. 

Оқиға орнындағы суреттерде ғимараттардың бамбук құрылыс қаңқаларымен оралғаны байқалды. Мұндай қаңқалар металдан жеңіл әрі тез жиналғанымен, қауіпсіздік ережелері бойынша олардан біртіндеп бас тарту туралы шешім осы көктемде қабылданған.

Wang Fuk Court кешені 1983 жылы теңіз жағасына жақын аймақта салынған. 8 блоктан тұратын кешенде 1984 пәтер бар. 2021 жылғы санақ бойынша мұнда 4600-ге жуық адам тұрған.

өрт

Қытай қызметіне сұхбат берген округ депутаты Муй Сью фун өрт жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жеті блокты шарпығанын айтты. Сегізінші блокта да бастапқыда шағын өрт шыққанымен, өрт сөндірушілер оны дер кезінде тоқтатқан.

Гонконгтағы тұрғын үйлер тығыз салынатындықтан, пәтерлердің көлемі шағын, бос кеңістік қалмайды. Мұндай жоспарлау өрт кезінде зардап шегетін адамдар санын арттыра түседі.

Өрт сөндіру қызметі басшысының орынбасары Дерек Армстронг Чан жоғары температура құтқарушыларға ғимаратқа кіруге мүмкіндік бермей, эвакуацияны қиындатқанын айтты. Оның сөзінше, құлаған құрылыс бөліктері мен қаңқалар да құтқарушыларға қосымша қауіп төндірген.