Саясат • Бүгін, 11:20

Орталық Азия «Жаңа Жібек жолы» үлгісімен дамиды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада өткен «Орталық Азия орнықты дамуға арналған жаңа Жібек жолы» форумында өңір елдері орнықты даму, жасыл экономика және инклюзивті өсуді қамтамасыз етуге бағытталған жаңа өңірлік серіктестікті таныстырды, деп жазады Egemen.kz.

Орталық Азия «Жаңа Жібек жолы» үлгісімен дамиды

Фото: gov.kz

Форум ұлттық серіктестер мен бизнес өкілдерінің қолдауымен БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі және БҰҰ Жаһандық шартының Орталық Азия желісі ұйымдастырған жоғары деңгейлі аймақтық алаңға айналды. Іс-шараның басты мақсаты өңір елдерінің экономикасын жаңғыртуды, жасыл технологияларды енгізуді және қоғамның әлеуметтік әл-ауқатын арттыруды жүйелі түрде үйлестіру болды.

Жиында Орталық Азиядағы инновациялар мен жасыл трансформацияны жеделдетудегі жеке сектордың маңызы атап өтілді. Сонымен бірге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан компанияларын байланыстыратын жаңа аймақтық хаб ретінде БҰҰ Жаһандық шартының Орталық Азия желісі таныстырылды. Бұл алаң өңірдің жауапты бизнесін бір арнаға тоғыстырып, халықаралық стандарттарға сай ынтымақтастық орнатуға жол ашады.

Елімізде экологияны қорғау, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару сапасын арттыруға бағытталған ESG қағидаттарын қолданатын компаниялардың саны 150-ден асты. Бұл бизнес қауымдастықтың Орнықты даму мақсаттарына қосқан нақты үлесін көрсетеді.

Форумда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай, БҰҰ Қазақстандағы Тұрақты өкілі Раднаарагча Саранго және басқа да ресми тұлғалар сөз сөйледі. Виктория Шегай Халықаралық еңбек ұйымының 26 негізгі конвенциясының ратификацияланғанын, БҰҰ Мүгедектердің құқықтары туралы Факультативтік хаттама қабылданғанын және еңбек нарығын дамытуға арналған жаңа тұжырымдамалардың іске асырылып жатқанын айтты. Оның айтуынша, бұл шаралар инклюзивті саясатты күшейтіп, Орнықты даму мақсаттарына жетуді жеделдетеді.

Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Нұргүл Жанназарова мемлекет пен жеке сектордың күш біріктірген жағдайда ұлттық және жаһандық деңгейде айқын нәтижеге қол жеткізуге болатынын атап өтті. Ортақ мақсатқа ұмтылған қадамдар елдің дамуын тұрақты ететіні айтылды.

Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Раднаарагча Саранго Қазақстанның соңғы жылдары Орнықты даму мақсаттары бойынша айтарлықтай ілгерілегенін және бұл бағытта Үкімет пен БҰҰ арасындағы әріптестік өз жемісін беріп жатқанын мәлімдеді.

Форум қорытындысы Орталық Азияны жаңа Жібек жолы үлгісімен дамытудың берік негізі қаланғанын көрсетті. Жасыл технологиялар, инклюзивті саясат және жауапты бизнес өңірдің жаңа даму бағытына айналмақ.