Фото: Астана қаласы әкімдігі
Кирпичный өндірістік аймақ әрі жеке үйлердің мұржасынан шыққан түтіннен ауа сапасы нашар болған. Талғат Рахманбердінің айтуынша газдандырудың арқасында экологиялық жағдай да едәуір жақсарады.
Кирпичный алабын газдандыру үшін ЖЭО-1-ден жоғары қысымды 18 шақырымдық газ құбыры тартылып, қазір елді мекендегі 255 үйдің іргесіне газ келіп тұр. Ал газға қосу ісі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
«Газ құбырының өткізу қабілеті сағатына 5 мың текше метрден асады. Газға қосылу үшін жеке куәлік, техникалық паспорт, жер актісі және үйдің меншік құжаттары қажет. Өтінішті eGov арқылы онлайн беруге болады», деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатов.
Айта кетейік, Астананы газдандыру ісі 2019 жылы басталған. Жеке үйлермен қатар жылу электр орталықтары да көгілдір отын тұтыну жүйесіне көшірілді. Ал 2025 жылдың басында «Family Village» тұрғын алабына газ берілді. Республика күніне орай Тельман тұрғын алабы да газ жүйесіне қосылды.
Бұған дейін Астана маңындағы Қоянды ауылының тұрғындары табиғи газға қол жеткізгенін хабарлағанбыз.