Қоғам • Кеше

Медиа этика механикасы

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Философиядағы іргелі пәндердің бірі – этика. Ол ұждан, адамгершілік, әдеп категориясымен түсіндіріледі. Адамның ойлау жүйесі таңдау алгоритміне негізделгендіктен, этикаға сай шешім қабылдау өмір сапасына тікелей әсер етеді. Интернетке әркімнің қолы жететін, цифрлық технологияның кернеуі күшейген заманда әркім медиатұтынушы әрі оны жасаушы бола алады. Сондықтан бірқатар ақпарат агенттігі аудитория мен ақшаны көптеп тарту үшін түйсігіне түнегеннің бәрін жасайды. Бұл қоғамдық дүрдараздыққа апаратын қауіпті құбылыс. Сол үшін масс медиада қызмет ететін мамандарға  этикалық қағидаларды меңгеру, оны қызмет аясында қолдану маңызы арта түсті.

Медиа этика механикасы

Сурет ЖИ көмегімен жасалды

 «Egemen Qazaqstan»-да жарияланған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің мақаласы осы өзекті мәселені жан-жақты талдап, медиа этиканың маңызын айқын көрсетеді. Бұған әлем мемлекеттері мүдделі екенін жеткізеді. Бұл үрдістен Қазақстан да сырт қалмай, Орталық коммуникациялар қызметінің құрамынан Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығын құрды. Бұл орталықтың міндеті – фейктерді дер кезінде анықтап, зиянын жою, манипуляцияға тосқауыл қою және ақпараттық кеңістікті таза ұстау.

Осы орайда грек ойшылы Сократтың сөзі еске түседі. Ол «Зерттелмеген өмір – өмір сүруге татымайды» деген. 

Қарин атап өткендей, ақпараттық шу көбіне қолдан жасалады. Белгілі бір топтар өз мүддесі үшін әдейі эмоциялық фон қалыптастырып, қоғам талқылауын бұрмалап жібереді. Соның салдарынан шын мәнінде керек, маңызды әрі расталған ақпарат орынсыз контенттің тасасында қалып қояды.

Медиа саласының теоретик ғалымдары Билл Ковак былай деп тұжырымдайды:

«Журналистиканың негізгі міндеті – азаматтарға керек ақпаратты жеткізу». 

Қайталап айтамыз, тек қана керек ақпарат тарату ләзім. Кейде мәліметті дәл сол күйі есеп ретінде беру – ұшпаққа шығармайды. Ақпарат таратуды жауапкершілігіне алған адамның міндеті – оның салдарын түсіну.

Айталық, бұқара халық сайлауға түсіп жатқан азаматтар өз қызметін асыра пайдаланғаны үшін оларға қылмыстық айып тағылғанын білу тиіс. Жаңалықтың бұл түрі адамға дұрыс таңдау жасауға көмектеседі. Яғни этикаға сай. Ал егер шенеуніктің баласы кәмелетке жетпей ішімдік ішкені үшін мектеп тарапынан жазаланса, оны білу - аудитория үшін маңызды емес. Себебі мұндай ақпаратты тарату бала үшін зиян. Заңнама мақаланы жариялауға кедергі болмаса да, этикалық тұрғыда бұл дұрыс емес.

 «Сондықтан жалған ақпаратты анықтап, күшін ж­оюмен ғана шектелмей, жаңа цифр­лық этиканы қалыптастыру керек. Бұл дегеніміз – ақпарат тарату және кон­тентті қабылдау мәдениетін орнықтыру», дейді Ерлан Қарин.

Демек, ақпарат таратудың мәдениеті мен оны қабылдау жауапкершілігін арттыру – уақыт талабы.