«Еңбек» серіктестігінің базасында «ақылды ферма» іске қосылды. Жағымды жаңалыққа ел құлағы елең ете түскен. Бұдан былай бейнеті бесбатпан бал бармақ сауыншының бар шаруасын робот тындыратын болады. Заманауи жүйе енгізілгеннен кейін қолға алынған жаңалықтың арқасында робот сиырдың сауыны келгендігін өзі дәл басып анықтайды. Қолмен атқарылып келген барлық шаруаны адам ойлағандай тап-тұйнақтай ете алады.
– Бұл біз үшін үлкен жетістік. Тауарлы-сүт фермасы осы биікке шығу арқылы цифрландырудың тек қалаға ғана тән емес, ауылдың да еншісі бар екенін дәлелдеп отыр, – дейді аудан әкімінің орынбасары Саят Ахметжанов. – Жаңалықтың көп септігі бар. Мәселен, қол еңбегін азайтса, екіншіден, ауыл жастарының қызығушылығын тудыруы әбден мүмкін. Білікті жастар заманауи техника арқылы жұмыс істеуге ынталы болуы да ғажап емес қой.
Робот-сауыншының ең әсерлі бөлігі 3D камералар мен жоғары дәлдіктегі сенсорлар. Малдың орнын өздігінен анықтап, желінге массаж жасап, идіріп, желіндегі сүтті мұқият сауып алады. Барлық жұмыс тәулік бойы үздіксіз атқарылады.
– Бұрын барлық жұмысты қолмен атқаратын едік, – дейді кешен басшысы Сағжан Рақышев. Қазір тек жұмыс ырғағын бақылап отырамыз. Ең бастысы, сауын сиырлардың жайлылығы. Ол үшін климат-бақылау, желдеткіш, автоматты перделер орнатылған. Мал қорасында микроклимат сақталады.
Тауарлы-сүт фермасы 300 басқа шақталған. Тәулігіне алты тоннаға дейін сүт өндіріледі. Жүйенің автоматтандырылуының арқасында барлық жұмыс өз ырғағымен атқарылып жатыр. Сүт өнімі туралы нақты дерек шаруашылықтың цифрлық басқару жүйесіне бірден жіберіледі.
Жаңалықты жаны жақсы көретін шаруашылықтағы ілкімді істің легі жалғыз фермадағы шаруамен ғана шектеліп қалмапты. 2013 жылдан бастап органикалық тыңайтқышты пайдаланып егін егеді. 4 мың гектардан астам егін алқабы сертификатқа ие болған. Экологиялық таза бидайға сұраныс жоғары. Өнімі Еуропа елдеріне экспортқа шығарылады.
Ақкөлдің «ақылды фермасы» технологиясымен ғана емес, адамдарымен де қуатты. Роботтар бар шаруаны мінсіз атқарғанымен, оны арнасына түсіріп отыратын білікті маман да қажет. Кәсіпорын басшылары бұл жайды жақсы түсінеді.
– Қазір бізде сексеннен астам адам еңбек етеді. Олардың көбі отбасыларымен осы шаруашылықта. Жыл сайын жұмысшыларға тұрғын үй салып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға ұмтылып келеміз, – дейді Сағжан Рақышев, – олар болашаққа сенімді болулары керек. Сенімді болса ғана ауылды дамыта аламыз. Бүгінгідей жақсы жаңалықтардан шет қалмай, замананың даму жолымен жүретін болсақ, ел болашағы жастар да тұрақтап қалар еді. Бейнеті бесбатпан ауыр жұмысты осындай технологиялық даму арқылы жеңілдетсек, жастардың ықыласы елге ауады. Түптеп келгенде ел іргесін сөкпей, босағасын берік ететін талпыныс деп ойлаймын.
Ауылдағы «ақылды сауыншы» Астананың азық-түлік белдеуіндегі ырыздық молшылығына өз үлесін қосып жатыр. Осындай жан жадыратар жаңалық өзге өңірлерде де қанат жайса ғой, шіркін!
Ақмола облысы,
Ақкөл ауданы