Ел игілігін еселеуге үлес қосқан Диас Біләлов «Фирма Алмаз-Агро» серіктестігінде үшінші жыл еңбек етеді. Орта арнаулы білімі бар. Көптеген ауыл баласы тәрізді техникаға деген құмарлық ерте пайда болған. Алдыңғы толқын ағаларының жан аямай жұмыс істеп жүргенін көріп, өзі де нақ солардай болуға тырысқан. Асылында, алдынан жұмыс үркіп отыратын еңбекқор адамдардың іс-қимылы кейінгі толқынға жақсы өнеге.
– Бізде озат жұмысшылар өте көп. Олар өздеріне тапсырылған кез келген шаруаны тап-тұйнақтай етіп орындайды. Механизаторлардың көпшілігі техниканың түр-түрін тізгіндеп, жұмыс істей береді, – дейді Диас. – Комбайнда істеу қызық әрі қастерлі. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, күзгі дала, масақтағы дәнін әзер көтеріп тұрған егін алқабы. Сәл ғана жел көтерілсе теңіздей толқиды. Ырыс тұнған, мол дәулетке бөккен жомарт жер. Егер егістік алқабында бір тал арамшөп болмаса тоқтамай шаба бергің келеді. Қазіргі біздің көрсеткішімізге аға толқынның сәл таңырқап қарайтыны бар. Оның сыры белгілі. Жаңа заманғы қуатты техникалардың еңбек өнімділігі өте жоғары.
Жаңатұрмыс ауылының маңы қарбаласы көп қоңыр күзде еңбек жырын шертіп тұрады. Дархан даланы адам көңілін елегізетін еңбек әуені тербеткен кезде сол жорыққа қатысқан ерлердің де еңсесі көтеріле түседі.
– Ұжым өте ұйымшыл. Әр сәті шешуші шаққа айналған көктемгі егіс, күзгі егін орағы кезінде уақытпен санаспай еңбек етеміз, – дейді жас комбайншы. – Мынау сенің, мынау менің жұмысым деу жоқ, бәрі ортақ. Серіктестік еңбек етуімізге қолайлы жағдай жасап отыр. Еңбекақымыз толымды, уақытында қолымызға тиеді.
Жиырмадан жаңа асқан жас жігіттің ел ішінде абыройға бөленуі адал еңбегінің арқасында. Алда қаншама ғұмыр бар. Сол жолда қос қолытығынан көтеріп демейтін, алға ұмтылдыратын құдірет – бойындағы адал еңбекке деген ұмтылысы.
Ақмола облысы,
Астрахан ауданы