Қоғам • Бүгін, 09:05

Заң үстемдігі зорлыққа жол бермейді

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Қазақстан қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығы әзірлеген «Қазақстан Республикасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» ұлттық баяндаманың таныстырылымы өтті.

Заң үстемдігі зорлыққа жол бермейді

Сурет: kipd.kz

Бұл іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық науқанының басталуымен орайластырылып отыр. Айта кетсек, аталған науқан 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін жалғаспақ. Тұрмыстық зомбылықты түп-тамырымен жоюға бағытталған бастамаға Қазақ елі де үлесін қосып келеді.

Баяндама таныстырылымында сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов БҰҰ бастамасымен жүзеге асып жатқан биылғы науқанның тақырыбы әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбы­лыққа қарсы күресте күш бірік­тіруге арналғанын айтты. Осы орай­да рес­публикамызда 500-ге тарта іс-шара жоспарланғанын, оның ішін­де ақпараттық-ағарту­шылық жұмыстар, семинарлар, ма­ман кеңестері, сондай-ақ зорлық-зом­бы­лықтың алдын алу мен жәбір­лену­шілерге қолдау көрсетуге бағыт­талған қоғамдық әрі жастар бас­тамалары бар екенін тілге тиек етті.

«Басты мақсатымыз – әрбір баланың, әр адамның отбасында және қоғамда өзін қауіпсіз сезінуі. Зорлық-зомбылықтың алдын алу тек заңнамамен немесе қызметтермен шектелмейді, ол тұлғалар арасында өзара құрмет пен қолдау мәдениетін қалыптас­тыруды талап етеді», деді ол.

Е.Кочетовтің айтуынша, ұлттық баяндама Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен жылына екі рет әзірленеді. Оның негізгі мақсаты – еліміздегі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін терең зерттеп, оны шешуге арналған нақты тәжірибелік ұсыныстар әзірлеу.

«Ұлттық баяндама өңірлердегі жағдайды объективті бағалауға, саясаттың тиімділігін анықтауға және қандай бағыттарды күшейту қажеттігін айқындауға мүмкіндік береді. Бұл – қабылданатын шара­л­ардың қоғамның шынайы қажет­тіліктеріне сай болуын қамтамасыз ететін негізгі анали­тикалық құрал. Баяндамадағы деректер сарапшылар қауымдастығы мен мемлекет­тік органдар тарапынан кеңінен пайдаланылады, ал баяндама ұсы­ным­дары стратегиялық және нормативтік құжаттарды әзірлеуде ескеріледі», деді вице-министр.

Е.Кочетов былтыр елімізде заң­намаға өзгерістер енгізіліп, тұр­мыстық зомбылыққа қатысты кейбір әкімшілік құқық бұзушылықтар қылмыстық құқық бұзушылық санатына ауыстырылғанын, содан бері оң үрдістер байқалып отырғанын жеткізді. Отбасын қолдау орталықтарының саны үш есеге көбейіп, 33-тен 131-ге дейін артқан. Жыл басынан бері бұл орта­лықтарға 44,5 мыңнан аса өтінім келіп түскен. Оның ішінен 20 мың отбасы құқықтық, психологиялық, әлеуметтік кеңес алса, 15,4 мың отбасы кешенді қадағалауда жүр.

«Ұлттық баяндама мәлімет­теріне сүйенсек, қоғамда әйелдерді зор­лық-зомбылықтан қорғау бағы­тында оң өзгеріс бар. Мұндай көз­қарастағы адамдар саны кейінгі екі жылда 8 пайызға артып отыр», деді ол.

Айта кетсек, ұлттық баяндама төрт аналитикалық блоктен тұрады: қазіргі жағдайды бағалау, зорлық-зомбылықтың жасырын түрлерін талдау, қолданыстағы шаралардың және профилактикалық тәжірибе­лердің тиімділігіне шолу. Зерт­теу әлеу­меттанулық сауалнама дерек­теріне, ресми статистикалар­ға және са­рапт­амалық бағалауға негізделген.

ҚҚДИ басшысы Жұлдызай Ысқақова баяндаманың отбасы­лық-тұрмыстық зорлық-зомбылық сала­сындағы ахуалды талдауға арнал­­ған маңызды құрал екенін және оның зорлық-зомбылықтан қорғау жүйе­сін жетілдіруге арналған шешім­дерді айқындауға негіз болаты­нын атап өтті. Сондай-ақ азамат­тар­дың, әсіресе әйелдер мен бала­лар­­дың қауіпсіздігін қамта­масыз ету мем­лекет саясаты­ның басым ба­ғы­т­тары­ның бірі екенін де тілге тиек етті.

Жиын барысында өзге де қатысушылар сөз алып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған мемлекет саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.