Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Бір айда екі байқаудың жеңімпазы
Әбілмансұр Сырмановтың «Жизель» балетіндегі Альберт вариациясы 9-шы Пекиндік би мектептері арасындағы байқау көрермендерін дүркірей қол соқтырып тәнті еткен. 10 елден келген 60-қа жуық қатысушының арасынан Қазақ ұлттық хореография академиясының студенті үздік шығып, қазылар алқасынан ең жоғары бағаларды алған.
Ал жаңа жеңісіне Budapest Ballet Grand Prix 2025 (Венгрия) байқауында қол жеткізді. Халықаралық қазылар алқасы Ә.Сырмановтың ерекше таланты мен өнерге деген адалдығын атап, оған Еуропаның жетекші балет жобаларына шақырту ұсынып, оқу және тағылымдамалармен марапаттады.
Дайындық өте ауыр болған
Оның айтуынша, байқауларға дайындық оңай болмаған. Тоқтаусыз жаттығулар, әр позицияны мұқият шыңдау, кешке дейін қайталанатын вариациялар – күнделікті тәртіп. Кей күндері бұлшықеттері тіпті бағынбай қалған мезеттері де болған.
Әбілмансұр Сырмановтың ұстазы Қазақ ұлттық хореография академиясының оқытушысы Әсет Мырзақұлов.
«Біз байқауға дайындықты бәрінен ерте, тамыз айында бастадық. Үш ай дайындалдық. Қазір оған физикалық та, психологиялық та демалып, қалпына келу керек. Бір айда екі байқау – әртіс үшін өте қиын. Құдай қаласа, сәуірде Пермь қаласында өтетін «Арабески» халықаралық үлкен байқауына дайындаламыз. Бұл – балет әлеміндегі ең беделді жарыстардың бірі», дейді Әсет Мырзақұлов.
24.kz мәліметінше, Қазақ ұлттық хореография академиясы бүгінде жас дарындардың ұстаханасына айналды. Олар Қазақстан атын әлемдік сахналарда лайықты танытып, көрермендердің жүрегін жаулап жүр. Биыл осы алтын ұяның 10 жылдық мерейтойы.