Оқиға • Бүгін, 11:15

Астанада құрылыс компаниясының қызметкерлері 7,9 млрд теңге жымқырған

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «Qyran» тұрғын үй кешенінен ақша қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған құрылыс компаниясының қызметкерлерін тексеріп жатыр. Алаяқтық нәтижесінде азаматтар мен компанияға жалпы 7,9 млрд теңге шығын келтірілген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада құрылыс компаниясының қызметкерлері  7,9 млрд теңге жымқырған

Фото: Ерлан Омар

Тергеу деректеріне сәйкес, сату кеңсесінде сатып алушыларға компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығы барын дәлелдейтін макеттер, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен анықтамалар көрсетілген. Азаматтарға пәтерлер, коммерциялық үй-жайлар мен паркинг орындары нарықтық бағадан төмен ұсынылған және мәмілелердің заңды екені айтылған.

Алайда, сатып алу-сату шарттарының орнына күдіктілер брондау шарттары, кепіл туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдеген. Бұл құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды және меншік құқығын бермейді. Жәбірленушілер төлемдерді қолма-қол және жеке шоттар арқылы жіберген, ал бухгалтерлік және банктік құжаттарда бұл операциялар көрсетілмеген. Нәтижесінде азаматтардан 3,8 млрд теңге жымқырылған.

Сондай-ақ, күдіктілер құрылыс компаниясының қаражатын ұрлауға бағытталған екінші алаяқтық схеманы да іске асырған. Клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттары жасалып, объектілерге меншік құқықтары тіркелген, алайда сатудан түскен 4,1 млрд теңге компанияның кассасына түспеген.

«Осылайша азаматтарға және компанияға келтірілген жалпы залал 7,9 млрд теңгені құрады. Сот санкциясымен 94 пәтерге, 51 паркинг орнына, 8 коммерциялық үй-жайға және бір автокөлікке тыйым салынды. Үш күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», делінген хабарламада.