Елорда • Бүгін, 11:51

Автономды қару-жарақ жүйелерінің мәселелері талқыланды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада автономды қару-жарақ жүйелеріне (АҚЖ) арналған өңірлік дөңгелек үстел өтті. Қазақстандағы Халықаралық Қызыл Крест Комитеті (ХҚКК) миссиясы дөңгелек үстелді еліміздің Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына (ҚСЗИ) сілтеме жасап.

Автономды қару-жарақ жүйелерінің мәселелері талқыланды

Фото:КСЗИ

Технологиялық прогрестің маңызды салдарының бірі – жасанды интеллектпен жабдықталған, адамның қатысуын барынша аз қажет ететін қару-жарақ түрлерінің пайда болуы. Әскери салада автономды технологиялардың жедел дамуы мен таралуы АҚЖ-ны қолданудың құқықтық, гуманитарлық және этикалық қырларына қатысты елеулі алаңдаушылық тудырып отыр. Басты сұрақтар – шешім қабылдау үдерісіндегі адамның рөлі, АҚЖ қолданылған жағдайда жауапкершілік пен есептілік, сондай-ақ мұндай жүйелердің өздігінен оқуының ықтимал салдары.

Қазақстан қаруды бақылаудың халықаралық тетіктерін нығайтуға дәстүрлі түрде қолдау көрсетіп келе жатқан мемлекет ретінде АҚЖ-ны реттейтін халықаралық-құқықтық міндетті құжат қабылдауды жақтайды. Елдің ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы табысты тәжірибесі бұл мәселелерді өңірлік және жаһандық деңгейде ілгерілету үшін берік негіз болып табылады. Осы тұрғыда Қазақстан серіктес мемлекеттердің АҚЖ-ның бақылаусыз жасалуы мен реттелмей қолданылуынан туындайтын қатерлерді талқылау үдерісіне қатысуын аса маңызды деп санайды.

Дөңгелек үстел гибридті форматта өтті. Оған дипломаттар, мемлекеттік органдардың әскери және азаматтық мамандары, сараптамалық құрылымдар мен академиялық қауымдастық өкілдері, сондай-ақ ХҚКК-ның салалық сарапшылары қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар АҚЖ саласындағы халықаралық нормаларды қалыптастыру үдерісі туралы өзекті ақпарат алып, реттеуге қатысты проблемалық аспектілерді шешу жолдары бойынша пікір алмасты.

Шараға қатысқан ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен  өз баяндамасында АҚЖ-ның әзірленуі мен таралуына байланысты стратегиялық аспектілер мен қауіпсіздік сын-қатерлеріне өңірлік көзқарасты ұсынды. Атап айтқанда, осы салада қарулану жарысының пайда болу қаупін атап өтіп, АҚЖ бойынша халықаралық консенсусқа қол жеткізу жолындағы саяси кедергілерді талдады. Дәурен Әбенұлының пікірінше, автономды қару-жарақ жүйелері – бұл жай ғана жаңа технология емес, олар халықаралық қауіпсіздік пен гуманитарлық құқықтың базалық қағидаттарына төнген елеулі сын-қатер. Сондықтан әлемдік қауымдастық бұл мәселені аса жауапкершілікпен қарастырып, болашақта ядролық қарудың қолданылуымен тең дәрежедегі жойқын салдарға әкелуі мүмкін «құқықтық вакуумның» қалыптасуына жол бермеуі тиіс.