Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Кездесуде ауыл әкімдері магистратура бітірген педагогтерге біліктілік санатын автоматты тағайындау туралы ұсыныстарын ортаға салды.
Жұлдыз Сүлейменова мәселеге қатысты пікірін айтып, соңғы уақытта қоғамда үлкен пікірталас тудырған педагог-зерттеушілердің авторлық бағдарламасына қатысты да сөз қозғады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев педагогтерді қорғауды және қолдауды тапсырды. Бүгінде осы бағытта «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Министрлік педагогикалық қауымдастықтың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, ұстаздарды аттестаттау қағидаларын қайта қарау мәселесін пысықтауда. Оның ішінде ұстаздардың авторлық бағдарлама әзірлеуіне қатысты мәселе бүгінде өзекті болып отыр. Ал магистратура бітірген ұстаздарға бірден біліктілік санатын беру жөніндегі ұсынысқа мен қарсымын. Себебі, орта білім жүйесінде мұғалімнің біліктілігі оның сабақ берудегі кәсіби шеберлігінің деңгейіне қарай бағалануы тиіс», деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр кездесуде шағын жинақты мектептерді қолдау шаралары күшейтілетінін де айтты. Осы бағытта ауыл мектептеріндегі білім сапасын жақсарту, оқу үдерісінің тиімділігін арттыру шаралары қабылданып жатыр.