Оқиға • 01 Желтоқсан, 2025

Жетісайдағы өрт: Ауруханаға түскен 7 жастағы қыз қайтыс болды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

8 қараша күні Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шығып, 12 адам мерт болған еді. Өрт болған күні 3 адам аман қалып, ауруханаға жеткізілген болатын. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы кеше 7 жастағы қыздың ауруханада көз жұмғанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Жетісайдағы өрт: Ауруханаға түскен 7 жастағы қыз қайтыс болды

Фото: Ашық дереккөзден

«2025 жылдың 30 қарашасында Жетісай ауданында болған өрт салдарынан өте ауыр жағдайда жеткізілген 2018 жылғы науқас көз жұмды. Көрсетілген интенсивті терапияға, бейінді мамандардың кеңестеріне, реанимациялық және дезинтоксикациялық шаралардың толық кешеніне қарамастан, орталық жүйке жүйесінің ауыр зақымынан пациентті аман алып қалу мүмкін болмады», делінген Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламада.

Бұған дейін қызыл жалын тұрғын үйдің 360 шаршы метрін қамтығанын хабарлаған болатынбыз. Өрттен қаза болған 12 адамның 9-ы бала еді.

Кейіннен құзырлы органдар оқиға орнынан фото-видеолар жариялады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрттен қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, Үкімет пен облыс әкіміне барлық қажетті көмек көрсетуді және қайғылы оқиғаның себебін анықтауды тапсырды.