Жәдігер • Бүгін, 07:30

3d сұлбадағы – балбалтастар

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Археологтер Баянауылдағы тарихи ескерткіштер – балбалтастар мен үңгірлердегі көне жазба­лардың 3D сұлбасын жасап жатыр. Өлкетанушылар бұл ау­мақта шамамен 50-ден астам балбалтас бар екенін айтады.

3d сұлбадағы – балбалтастар

Суреттерді түсірген – автор

Тарихи жәдігерлерді цифрландыру – көненің көзін сақтаудың ең сенімді жолы. Нақты көлемі мен бояуын жоғалтпай жеткізу үшін жасалған 3D модельді айналдырып, үлкейтіп, жан-жақты қарауға болады. Мұндай цифрлық көшірмелер ғылыми ортада алмасуға, халықаралық зерттеушілерге жіберуге, тіпті виртуалды музейге экспонат ретінде қоюға мүмкіндік береді. Бұған қоса ашық аспан астындағы жәдігерлердің бастапқы келбетін уақыт пен адам қолынан сақтап қалудың бірегей мүмкіндігі бұл.

Жоба жетекшісі, археолог Георгий Пересветов бұл технологиясыз түпнұс­қаларды қалпына келтіру немесе бола­шақ ұрпаққа дәл жеткізу қиынға соғатынын  жеткізді.

– Сканерлеу барысында фотограмметрия әдісін таңдадық. Өйткені 3D сканерлері өте қымбат және оларда көптеген шектеу бар. Фотограмметрия көмегімен кез келген ғимаратты жарты сағат ішінде сканерлеуге болады. Менің жұмыс тәжірибелерімнің бірі – әйгілі Баянауылдағы Кемпіртас жартасы. Мен оны сканерлеп, 3D нұсқасында басып шығардым. Бұл дайын кәдесый болды, – дейді ол.

Баянауылдағы балбалтастар шамамен VI-VIII ғасырларға тиесілі. Өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың айтуынша, балбалтастар көне түркі дәуірінде бабалар рухына деген құрметтің нышаны ретінде қойылған. Екіншіден, халқымыз көшіп бара жатқанда ата-бабасы желеп-жебеп жүрсін деп, бұл жерде құрбандықтар шалған. Яғни кейбір орындар кәдімгі Тәңіршілдік сенімінің ғибадатханасы іспетті болған. Атақты ойшыл әрі шешен Иоллық тегін әкесі Білге қағанға ескерткіш орнатқанда былай деп жазған: «Әкем қағанға балбық (балбал) тіктім». Яғни балбалтас деген көбіне қабір басына тұрғызылатын, тастан қашап жасалған адам мүсіні. Көсемдер мен абыздар дүниеден өткенде ерекше әспеттеліп жасалған.

 – Бала кезімде бұл өлкенің Қал­маққырған, Күр­келі жерлерінде балбалтастар жиі кездесетін. Олардың көбі тоналды. Өзім куә болған бір келең­сіз жайт, Ресейдегі Омбының өлкета­ну музейінде болғанымда кезінде Баян­ауыл­дан көрген балбалтастарды ұшырас­тыр­дым. Қайбір жылдары көрші елдің ғалым­дары алып кеткен ғой. Кеңес өкіметі тұсында тарихымызды қол­дан құртқаны белгілі. Осындай тарихи ескерткіштерімізді тонап әкетіп, түркі халықтарында ешқандай өркениет болмаған деген сыңаржақ пікірлер айтылып келді, – дейді өлкетанушы.

 

Павлодар облысы