Суреттерді түсірген – автор
Тарихи жәдігерлерді цифрландыру – көненің көзін сақтаудың ең сенімді жолы. Нақты көлемі мен бояуын жоғалтпай жеткізу үшін жасалған 3D модельді айналдырып, үлкейтіп, жан-жақты қарауға болады. Мұндай цифрлық көшірмелер ғылыми ортада алмасуға, халықаралық зерттеушілерге жіберуге, тіпті виртуалды музейге экспонат ретінде қоюға мүмкіндік береді. Бұған қоса ашық аспан астындағы жәдігерлердің бастапқы келбетін уақыт пен адам қолынан сақтап қалудың бірегей мүмкіндігі бұл.
Жоба жетекшісі, археолог Георгий Пересветов бұл технологиясыз түпнұсқаларды қалпына келтіру немесе болашақ ұрпаққа дәл жеткізу қиынға соғатынын жеткізді.
– Сканерлеу барысында фотограмметрия әдісін таңдадық. Өйткені 3D сканерлері өте қымбат және оларда көптеген шектеу бар. Фотограмметрия көмегімен кез келген ғимаратты жарты сағат ішінде сканерлеуге болады. Менің жұмыс тәжірибелерімнің бірі – әйгілі Баянауылдағы Кемпіртас жартасы. Мен оны сканерлеп, 3D нұсқасында басып шығардым. Бұл дайын кәдесый болды, – дейді ол.
Баянауылдағы балбалтастар шамамен VI-VIII ғасырларға тиесілі. Өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың айтуынша, балбалтастар көне түркі дәуірінде бабалар рухына деген құрметтің нышаны ретінде қойылған. Екіншіден, халқымыз көшіп бара жатқанда ата-бабасы желеп-жебеп жүрсін деп, бұл жерде құрбандықтар шалған. Яғни кейбір орындар кәдімгі Тәңіршілдік сенімінің ғибадатханасы іспетті болған. Атақты ойшыл әрі шешен Иоллық тегін әкесі Білге қағанға ескерткіш орнатқанда былай деп жазған: «Әкем қағанға балбық (балбал) тіктім». Яғни балбалтас деген көбіне қабір басына тұрғызылатын, тастан қашап жасалған адам мүсіні. Көсемдер мен абыздар дүниеден өткенде ерекше әспеттеліп жасалған.
– Бала кезімде бұл өлкенің Қалмаққырған, Күркелі жерлерінде балбалтастар жиі кездесетін. Олардың көбі тоналды. Өзім куә болған бір келеңсіз жайт, Ресейдегі Омбының өлкетану музейінде болғанымда кезінде Баянауылдан көрген балбалтастарды ұшырастырдым. Қайбір жылдары көрші елдің ғалымдары алып кеткен ғой. Кеңес өкіметі тұсында тарихымызды қолдан құртқаны белгілі. Осындай тарихи ескерткіштерімізді тонап әкетіп, түркі халықтарында ешқандай өркениет болмаған деген сыңаржақ пікірлер айтылып келді, – дейді өлкетанушы.
Павлодар облысы