Қоғам • Бүгін, 07:50

Қоғам қауіпсіздігіне қажет нысандар

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлытау облысында бірден екі маңызды нысан іске қосылды. Өңірде тұңғыш рет әуе құтқару жасағы жасақталып, ангар салынып, қолданысқа берілді. Ангар үш жарым айдың ішінде бой көтерді. Құрылысты «Қазақмыс» корпорациясы қаржыландырды. Сонымен қатар облыс орталығы Жезқазған қаласында жаңа өрт сөндіру бөлімшесі ашылды.

Қоғам қауіпсіздігіне қажет нысандар

Қос маңызды шараға Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов арнайы қатысты.

– Төтенше жағдайлар министр­лігінде алғаш рет әуе техникасына арналған арнайы ангар ашылып отыр. Бұл біздің авиацияның маңызды жетістігі. Мемлекет басшысының тіке­лей қолдауының арқасында аза­маттық қорғау жүйесі, соның ішінде авиация жаңа серпінмен дамып келеді. Биыл алты тікұшақ, үш ұшақ сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы біреуін алу жоспарда тұр. Мақсатымыз – еліміздің әр өңірінде 20 әуе құтқару жасағын құру, соның арқасында кез келген төтенше жағдайға дер кезінде жетіп, жедел әрекет ету. Сонымен қатар авиация саласына жас мамандарды даярлауды жалғастыратын боламыз, – деді министр.

Жаңа ғимарат заманауи талапқа сай салынған. Қызмет­керлердің тәулік бойы жұмыс істеуіне барлық мүмкіндік бар.

в

Министр Ш.Әрінов Жезқаз­ған қаласында 50 жылдан кейін алғаш рет ашылған жаңа өрт сөндіру бөлімі ғимаратында болып, «Бұл да министрліктің жүйелі жұмысының нәтижесі» деп атап өтті құттықтау сөзінде. Бөлім қазіргі заманғы стан­дарттарға сай жабдықталған. Құт­қарушылардың қауіпсіз, сапалы қызмет атқаруына барлық жағдай жасалған.

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков аталған нысан­дардың ашылуы өңір қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі аса маңызды қадам екенін мәлім етті.

– Мемлекет басшысы өңір­лерде төтенше жағдайларда халықтың қауіпсіздігін күшейту ісіне ерекше мән беріп келеді. Бүгін ашылып отырған Әуе құтқару жасағы мен жаңа өрт сөндіру бөлімшесі – осы бағыттағы нақты қадам. Бұл – тұрғындарымыздың қауіпсіздігі мен өмірін қорғауға салынған маңызды инвестиция, – деген өңір басшысы жобаға қолдау көрсеткен Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Қазақмыс» корпорациясына алғыс білдірді.

Салтанатты шарада төтенше жағдайлар қызметкерлеріне жаңа техника, бірқатар сала қызметкеріне қызметтік пәтер кілттері табыс етілді. Сонымен қатар сала қызметкерлері мен өңірдің белсенді азаматтары арнайы төсбелгі, алғысхаттармен марапатталды.

Биыл Төтенше жағдайлар министрлігі Ұлытау облысына заманауи жабдықталған тікұшақ берген болатын. Бұл өңірде тұтқиылдан болып қалатын қиын жағдайда жедел құт­қаруға баруға мүмкіндік жасап отыр. Алдағы уақытта да әуе құт­қару инфрақұрылымын дамы­ту жұмысы жалғаса береді. Со­нымен қатар жыл соңы­на дейін облыстың Сәтбаев қаласы мен Жәйрем кентінде де жаңа өрт сөндіру бөлімдерінің ашылуы жоспарланып отыр.

 

Ұлытау облысы