Сұхбат • Кеше

Қала тұрғындары жан-жақты қамқорлықты сезініп отыр

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасы өңір тұрғындарына жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсететін жетекші емдеу мекемелерінің біріне айналды. Ауруханаға 80 мыңға жуық тұрғын тіркелген, оның 11 мыңы биыл қосылған. Демек қала халқында жыл сайын өсім бары аңғарылады. Осыған орай аурухана директоры Айман РАҚЫШЕВАМЕН медициналық ұйымда атқарылған жұмыс туралы әңгіме өрбіттік.

Қала тұрғындары жан-жақты қамқорлықты сезініп отыр

– Айман Ғалымжанқызы, ауру­хананың бүгінгі бет-бей­не­сінен бұрнағы жылдарға қара­ғанда едәуір өзгешелік бары байқа­лады. Жаңғыру кезеңі қалай басталды?

– Аурухананың жүйелі трансформациясы шамамен жеті жыл бұрын қолға алынды. Сол кезде қала халқының өсуі, медициналық қызметтің күрделенуі, жаңа техно­логияларға деген сұраныс айқын сезілді. Заманауи көпсалалы орта­лық құру қажеттілігі туын­дады. Сондықтан ең алдымен инфра­құрылымды қайта қарап, пациент­терді қабылдау жүйесін жаңарту, материалдық-техникалық базаны күшейту жұмысы бас­талды. Бұл қадамдар кейінгі жаңарулардың барлығына берік негіз қалады. Ең маңызды өзгерістердің бірі – диагностика саласындағы серпі­ліс. Қалада қазіргі заманғы магнит­тік-резонанстық томограф іске қосылып, тұрғындар бұрын сырт­қа жү­гінетін жоғары дәлдікті зерттеу­лерді енді өз қаласында ала алады. Диагностиканың бұл түрі дәрігер­лерге ауруды ерте анықтауға, емдеу тактикасын нақтылауға үлкен мүмкіндік берді.

Сонымен қатар заманауи эндо­скопиялық орталық ашылды. Жоғары мүмкіндікке ие эндос­копиялық жүйелер түрлі органдар­дың патологияларын ерте кезеңде анықтауға, аз инвазивті араласуларды қауіпсіз орындауға жол ашты. Жедел көмек көрсету алгоритм­дері жетілдірілді, қабылдау бөлі­мі, стационарлық блоктар жаңар­тылып, пациент­тердің жайлылығы артты. Ин­сульт­тан немесе операциядан кейін қал­пына келуді қажет ете­тін науқас­тарға арналған реабилита­циялық бөлімнің дамуы да біздің басты міндеттердің бірі.

– Медициналық көмек көрсе­туде техникалық жарақтану деңгейінің маңызы зор десек, бұл бағытта қандай жұмыс атқарылды? Кадр біліктілігін арттыру жайын тарқата кетсеңіз.

– Кейінгі алты жылда аурухана­­ның техникалық мүмкіндіктері түбе­гей­лі жаңартылды. Диагностикалық, хирур­гиялық, реанимациялық бағыттарда заманауи аппараттар орнатылды. Бұл – жабдықты жаңарту ғана емес, медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге шығару. Диагностика дәлдігі артты, күрделі жағдайларды бақылау жеңілдеді, жоспарлы да, шұғыл да көмек көрсету сенімдірек бола түсті.

Мұнда травматология, ортопедия, жалпы және жақ-бет хирургиясы бағыттарында күрделі опе­рациялар сәтті жасалады. Атап айтқанда, тізе буынындағы артро­скопиялық араласулар – мениск резекциясы, алдыңғы айқаспа байламын қалпына келтіру, сүйек сынық­тарында блокті остеосинтез тәсілдері қолданылады. Сонымен қатар жақ-бет аймағындағы реконс­труктивті операциялар, жергілікті тіндермен пластикалық түзетулер кеңінен жүзеге асырылып жатыр. Жедел соқыршек пен өт-тас ауруларына жасалатын эндоскопиялық операциялар, сондай-ақ қазіргі та­лап­тарға сай желімен жасалатын жа­рық пластикасы да жолға қойылған.

Ауруханада хирургтер, травматологтер, ортопедтер, нейрохирургтер, жақ-бет хирургі секілді сан түрлі сала мамандары еңбек етеді. Сүйек сынықтарында блокталатын остеосинтездер, тізе буынында артро­скопиялық емдеу әдістері, жалған буындарды емдеу, күйік пен жарақаттан кейінгі аутодермопластика – бәрі де осы мекеменің күнделікті тәжірибесіне айналған. Реконструктивті хирургияның кең спектрі халық денсаулығына сенімді тірек болып отыр.

Медициналық мекемеде талай жылдан бері ел құрметіне бөлен­ген, жас мамандарға үлгі болар­лық тәжірибелі дәрігерлер тобы жұмыс жасайды. Олардың қата­рында Ринат Әжібиев, Зүбайра Сәрсенова, Гүлнара Бөпешбаева, Тамара Қалилаева, Күлбану Бекма­ғамбетова сынды абыройлы маман­дар бар. Сонымен бірге жаңа көзқарасымен, тың серпінімен танылып келе жатқан жас дәрігерлер де аз емес.

Биылғы Жұмысшы мамандық­тары жылы аясында орта меди­цина­лық қыз­меткерлердің еңбегі лайық­ты бағаланып, арнайы марапаттарға ие болды. Ұлттық, кәсіби мерекелерде тұрақты түрде сыйақы алып, дифференциалды қолдау шараларымен қамтылды. Бұл – олардың еңбегін жоғары бағаланатынының айқын дәлелі.

Ауруханаға бүгінгі күні 80 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Кейінгі 10 айда халықтың 90%-ы медициналық көмекке жүгінген. Күн сайын қабылдау бөліміне шамамен 120 адам келеді, туристік маусымда бұл көрсеткіш 70–80%-ға артады.

Кадрлар – барлық техникалық мүм­кіндіктің негізін құрайтын бас­ты ресурс. Сол тұрғыда маман­дар­дың кәсіби деңгейін арттыру тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Дәрігерлер еліміздегі, шетелдегі жетекші орталықтарда тәжірибеден өтіп, жаңа технологияларды меңге­ріп жатыр. Ауруханада ішкі оқы­ту жүйесі қалыптасып, жас маман­дарға аға буын тарапынан тәлім­герлік қолдау көрсетіледі. Қызмет­керлердің кәсіби дамуы үздіксіз жүруіне барлық жағдай жасалған.

Денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерді емделушілер де ай­қын сезініп келеді.  Басты өзгеріс – қол­жетімділік пен сапаның қатар өсуі. Зерттеулерге жазылу жүйесі жеңіл­деді, диагностика уақыты қыс­қар­д­ы, қабылдау бөліміндегі қызмет көрсе­ту жылдамырақ әрі тиім­дірек болды. Стационар жағдайы жақ­сарып, пациенттерге жайлы әрі қауіп­сіз орта қалыптасты. Ең басты­сы – тұр­ғындар қажет қызметтің ба­сым бөлігін өз қаласында ала алады. Те­­лемедицина қызметін енгізу ар­қы­­лы алыс аймақ тұрғындарына да кеңес беру мүмкіндігі қарасты­рылды.

– Сөз соңында аурухананың басым бағыттары мен алдағы жос­пар туралы айтып берсеңіз.

– Қазір кардиология, неврология, хирургия, эндоскопиялық, аз инвазивті хирургия, реабилита­ция, әйелдер денсаулығы, профи­лак­тикалық медицина ерекше даму үстінде. Бұл салаларда сұра­ныс жо­ғары, медициналық жетістік­тер мүмкіндіктер ашады. Мақ­са­тымыз – тұрғындарға сапалы, уақты­лы, ғылыми негізделген көмек көрсету.

Болашақта диагностикалық қызметті кеңейту, эндоскопиялық емдеу әдістерінің жаңа түрлерін енгізу, хирургиялық блокті кезең-кезеңімен бұдан да жаңарту жос­парланып отыр. Сонымен қатар амбулаториялық реабилитация күшейтіліп, медициналық үдерістер толық цифрландырылады. Кадр әлеуеті халықаралық стандарттар деңгейінде жетілдіріледі.

Адам денсаулығы – ең қымбат құндылық. Өз жағдайына мұқият қарап, профилактикадан бас тартпай, дер кезінде тексеріліп тұру – аурудың алдын алудың ең тиімді жолы. Біздің аурухана тұрғындарға сапалы, заманауи медициналық қызмет көрсету жолында тұрақты дамып келеді. Әрбір аза­матқа көмек көрсетуге барынша дайынбыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ұлбосын ИСАБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

 

Алматы облысы,

Қонаев қаласы