Жобаның атауы – «GeoJet». Дронның бірнеше үлгісі бар. Әрқайсысы өз өлшемі мен техникалық ерекшеліктеріне қарай нақты міндетке бейімделген. Соның ішіндегі ең ықшамы – диаметрі небәрі 23 сантиметр болатын «GeoJet Sphere». Сфера пішінді шағын дрон адам аяғы жетпейтін, адамның өзі түсе алмайтын күрделі кеңістіктерге арналған. Тар шахталарға, опырылып түскен туннелдерге, құлағалы тұрған қуыстарға енді шағын роботтың күшімен барлау жүргізіледі.
Ірі «GeoJet» аппараттары ұзын туннелдер мен кең кен қазбаларында ұшуға бейімделген. Барлық модель 8K форматындағы ультра-жоғары камералармен жабдықталған. Олар жерасты кеңістігін жан-жақты қамтып, 360 градусқа дейін панорамалық түсірілім жүргізе алады. Үш өлшемді карта жасауға қолданылатын LiDAR лазерлік сканері – жобаның ең күрделі әрі құнды құрылымының бірі. Бейнекадр бірден сыртқа тарайды: оптикалық-талшықты байланыс бұл үдерісті жылдам әрі жоғалтусыз қамтамасыз етеді.
– Біздің дрондар қазбаларды тексеру, визуалды бақылау жүргізу, жасырын жарықшақтар мен қуыстарды анықтау мақсатында жасалған. Қабырғалардың ішінде көзге көрінбейтін кемшіліктер болады, көп жағдайда опырылудың себебі – дәл солар. Ақаулар алдын ала анықталса, адам өмірін сақтап қалуға болады, – дейді жобаның бас инженері Сергей Муравьёв.
Тәжірибелік кезең де өз нәтижесін көрсетіп үлгерді. «GeoJet» аппараттары өңірдегі темір кені шахтасында сынақтан өтті. Ұшу барысында дрондар визуалды бақылауды, фототүсірілімді, жерасты қуыстарын цифрлық сканерлеуді толық орындады. Шахта кеңістігі – кез келген техникаға сын. Мұнда ауа қысымы жоғары, GPS-сигнал мүлде жоқ, көрінетін аймақ шектеулі.
– Шектеулі кеңістікте ұшу – дрондардың ең күрделі міндеттерінің бірі. Соған қарамастан, біздің құрылғылар тұрақты жұмыс істеді. Жартылай автоматты басқару режімі бар, жасанды интеллект датчиктерден келетін деректерді талдап, ұшуды нақты уақытта тұрақтандырады, – дейді жобаны басқарушы Виталий Пучков.
Кейбір құрамдас бөліктер, мысалы, көміртекті рамалар Қарағандыда шығарылады: модель түріне қарай олар жергілікті жерде басылып дайындалады немесе шетелден жеткізіліп, кейін осында өңделеді. Қозғалтқыштар, LiDAR жүйелері мен процессорлар шетелдік компаниялардан алынады. Жоба аясындағы сынақтар, бағдарламалық қамтамасыз ету, құрастыру, толықтай реттеу үдерістері өңірде жүзеге асырылып жатыр.
Бұл еліміздегі өндірістік қауіпсіздік мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілуіне бағытталған қадам. Жерасты жұмыстарында адам өмірін тәуекелге тікпей, роботтық жүйелерді қолдану – дамыған мемлекеттердің басты қағидаты. Енді осы үрдіс елімізде де қарқын ала бастады.
Қазір әзірлеушілер «GeoJet» топтамасын нарыққа шығаруға қам жасап жатыр. Егер жоба ойдағыдай жүзеге асса, отандық дрондар тау-кен өндірісінде ғана емес, төтенше жағдай қызметінде, құрылыс саласында, құтқару операциясында да кеңінен қолданыс табуы мүмкін.
Қарағанды облысы