Өндіріс • Бүгін, 11:11

Отандық өндірушілерге жеңілдікпен берілетін шикізат саны артады

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық кәсіпорындарға жеңілдікпен шикізат беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Министрдің айтуынша, қазір еліміздегі өндірушілер, алдымен отандық нарықты шикізатпен қамту керек. Одан кейін ғана шетке экспорттауға лицензия беріледі, деп жазады Egemen.kz.

Отандық өндірушілерге жеңілдікпен берілетін шикізат саны артады

Фото: primeminister.kz

Бүгінде аталған жүйе негізінде мыс, алюминий және мырыш өндірушілер жұмыс істеп жатыр.

«Жеңілдік мөлшері өңдеу тереңдігіне байланысты дайын өнім үшін – 5%, аралық өнім үшін – 1% жеңілдік қолданылады. Тетік енгізілген сәттен бастап 30 келісім жасалды. Жүргізілген жұмыстардың оң әсері қазірдің өзінде байқалады. Мыс өңдеу жыл соңына дейін – 40%-ға, алюминий – 20%-ға, мырыш өңдеу – 25%-ға артады. Қазір осы тетікпен жұмыс істейтін шикізат тізімін кеңейту мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», деді Ерсайын Нағаспаев.
Сондай-ақ елімізде индустриялық алаңдарды басқарудың жаңа жүйесін енгізу жоспарланып отыр. 
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 10,4 трлн теңге инвестиция тартылған 16 арнайы экономикалық аймақ, инвестиция көлемі 1,6 трлн теңгені құрайтын 305 жоба жүзеге асырылып жатқан 66 индустриялық аймақ жұмыс істейді.
«Шағын және орта бизнесті қолдау үшін шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 25 мұнай өңдеу зауыты құрылды, онда 44 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта индустриялық алаңдарды басқарудың жаңа тетіктерін пысықтау және түрлі көздер есебінен инфрақұрылымды қаржыландыруды қамтамасыз ету жоспарланып отыр», деді Ерсайын Нағаспаев.
Отандық өндіріс әлеуетін еселеу мақсатында өндірушілермен мемлекеттік сатып алудағы келісімшарттар сомасы 1,5 есеге ұлғайтылған. Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында өнеркәсіп алаңдарын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды да атап өтті. 
Мәселен, мемлекеттік сатып алу кезінде алуға болатын отандық өндіріс тауарларының тізбесі 4,8 мың позициядан көбейген.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде отандық өндірушілермен жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе артқан.
 
«Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларында ұзақ мерзімді шарттар мен оффтейк-келісімшарттар жасасу талаптары күшейтілген. Нәтижесінде, 10 айда Қор компаниялары 1,3 трлн теңгеге шарттар мен офтейк-келісімшарттарға қол қойған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есе көп.
«Осы жылдың 1 шілдесінен бастап тауар биржалары арқылы стандартқа енгізілмеген тауарларды сатып алу жүйесі алынып тасталды. Осыған байланысты жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу алаңы – Tizilim жаңғыртылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 10 айда жер қойнауын пайдаланушылар 1 трлн теңге сомасына шарттар мен оффтейк-келісімшарттар жасасты. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 7,7 есе артық», деді Ерсайын Нағаспаев.