Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерін өндіру көлемі 14,52 млн тоннаны құрады, осы жылы 14,55 млн тонна өнім өндіру көзделіп отыр. 2040 жылға дейін мұнай өнімдерін өндіруді 14,52-ден 29,2 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар 2040 жылға қарай мұнай өнімдерінің сапасын қазіргі экологиялық стандартынан K4-тен K5+ деңгейіне дейін тұрақты түрде жақсарту және сыртқы нарықтарға экспорттау күтілуде.
«2040 жылға қарай заманауи отын-мұнай-химиялық конфигурацияда қуаты 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа үлкен сыйымдылықтағы ірі зауытты іске қосу және өңдеу қуатын 30-дан 40 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Жаңа зауыттың өңдеу тереңдігі 95%-ды құрайды. Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарына өсіп келе жатқан сұранысын 100% қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай өнімдерін көршілес елдерге экспорттауға мүмкіндік береді», деп атап өтті министр.Сонымен қатар Үкімет отырысында энергетика министрі бизнес-процестерді цифрландырудың тиімділігі туралы есеп берді. Оның айтуынша, «Oil transportation management» ақпараттық жүйесінің іске қосылуы мұнай жеткізу кестесін ұсыну мен кестені бекіту мерзімін 7 күннен 2 күнге дейін қысқартып, мұнайды бөлуді автоматтандыруға мүмкіндік берді.
«Осының нәтижесінде өтінімді өңдеу уақытын 3 сағаттан 10 минутқа дейін, отынның «сұр» айналымын 20%-ға дейін қысқартты. Құрылғылардан деректер автоматты түрде 24/7 режимде қабылданып, үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді. Сұранысты болжау және логистиканы оңтайландыру үшін жасанды интеллектті пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда», деп атап өтті министр.