Руханият • Бүгін, 08:07

Тағдырдың тасқайрағында ұшталған қалам

0 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мырзашөл өңірінде жүріп-ақ поэзия, проза, аударма, драматургия жанрында қалам тербеп, шеберлігін шыңдаған Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы Айыпберген Балтабайұлы ағамыз елге сыйлы, табиғаты бөлек жан.

Тағдырдың тасқайрағында ұшталған қалам

Сөзге ғашық өрен Абай Құнан­байұлының, қа­зақ жыраулары мен Шығыс шайырлары – Омар Хайям, Фирдоуси, Низами, Джами, Науаи, Мақтұмқұлының жырларымен сусындап өсті. Алайда 1967 жылы өзі туып-өскен Мақтаарал ауданы, Атакент ауылындағы орта мектепті үздік бітірген жас түлек әдебиет саласына емес, құрылыс, өндіріс орнының инженері болуға бет бұрды. 1967 жылы Оңтүстіктің қиыр шетіндегі – Мақтаарал, Жетісай, Киров аудандары әлі Өзбек КСР-нің құрамында еді. Мектеп бітірушілер үшін Қазақстанға барып оқу арман болатын. Сол жылы сәтін салып, аудан басшылары еліміздің үкіметіне арнайы хат жазып, 14 талапкер жас­ты жоғары оқу орнына жеңілдікпен қабылдауды өтінген еді. Елдің осы өтініші қабылданып, жас түлектер Алматыға аттанады. Солардың бірі – Айыпберген ағамыз еді.

Зерек, білімге құштар жас сол жылы-ақ Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ политех­ни­калық институтына оқуға түсіп, 1973 жылы жоғары білімді құрылыс инженері мамандығына ие болды. Көп жыл – инженер, бас инженер, прораб қызметтерін атқарып, кіндік қаны тамған кентте Мәдениет сара­йын, колледж, мектеп, аурухана, универмаг, орталық мешіт, аэропорттың ғимараттары мен мыңнан астам тұрғын үйлердің салынуына тікелей атсалысып, құрылыста айшықты қолтаңбасын қалдырды. 1996 жылы аталған кенттің әкімі қызметіне тағайын­далды. Осы кезең­де Ильич посел­кесін «Атакент кенті» деп атауға күш салды. Сондай-ақ Жетісай қаласындағы «Сырдария» универ­ситетінің қоғамдық негіздегі атқарушы директоры, Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қоғам­дық қордың Мақтаарал аудандық филиалының директоры қызмет­терін де бір тиын жалақы алмастан абыроймен атқарды.

А.Балтабайұлы ХХ және ХХІ ғасыр тоғысындағы орасан зор өзгерістердің, алып империя КСРО-ның тарқап, ыдырап, содан соң дербес, тәуелсіз егемен еліміздің құрылуын, аумалы-төкпелі кезеңде тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткізген тарихи кезеңнің куәгері. Еліміздегі сан қилы өзгерістер, небір ауыртпалықтар сезімтал жанның жүрегіне салмақ салды. Осы кезден толғаныс-толқулардан туындаған өлеңдері мен рубаиларын төгілте жазып, поэзия әлемінің мұхитына, ұшан-теңіз алыс сапарына жол тартты. Кемелденген қырық сегіз жасында жанына қауырсын қаламды серік етіп, сезім сырларын тоқтаусыз қағаз бетіне түсіре берді. Адам баласы осы бір жасқа жеткенде өмірге деген түсінігі, ой-қабілеті тереңдеп, зейіні толыса түседі екен. Алғашқы қос қанаты – «Жүрек жылуы» мен «Назеркем» атты тұңғыш өлең жинақтары жарық көріп, оқырманға жол тартқанда қатты қуанды, толқыды. «Жүрек жылуы» кітабындағы «Өтіп жатыр өмірім», «Сұрақ белгісі», «Көп нүктелер, үтірлер», «Ей, пенде», «Тағдыр», «Өмірдің қызығына кім тоя алған?» секілді жүрекжарды жырларының әрбірі үлкен сезім толқыныстарының көрінісі, терең ой-тұжырымдардың жемісі еді.

Өмір мектебінің талай сынынан өтіп шыңдалған ағамыз қайсарлығы, өткірлігі, сақадай сабырлы, жігерлі жанкештілігінің арқасында кездес­кен қиындықты қажымай жеңіп шықты. Бұған Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспасынан шыққан «Тағдыр» атты ғұмырнамалық туын­дысын оқысаңыз көзіңіз жетеді. Осы кітапта атасы Құрымбай ақса­қал мен әкесі Балтабайдың да өмір жолы оңай болмағаны кеңінен баян­­далған. Құрымбай атамыз Түркістан өңіріне есімі кеңінен белгілі халық емшісі екен. Сонау 1930 жылдардағы ашаршылықта ауырып ем іздеген кісілерді емдеп, алғысын алған. Репрессия кезінде қудалауға ұшырап, талай теперіш көріп, өмірден өтті. Әкесі Балтабай ата Екінші дүнежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысып, үш рет жараланып, отыз жасында елге аман-есен оралған. Өмір бойы мал шаруашылығы саласында істеп, кеңшарларда бөлімше басқарды. Ислам дінін берік ұстанып, бес уақыт намазын қаза қылмай, ораза ұстаған, Құран аяттарына жетік, сүрелерді түгел жатқа оқыған жан.

Белгілі абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов Айыпбер­ген ағамыздың шығармашылығы туралы: «Ақын «Уа, дариға-ай!», «Ал­тын бесік», «Туған жер» өлең кітаптарында туған жерімізді, Ота­­нымызды жан-тәнімен, қасық қандары қалғанша қорғаған ержүрек хас батырларымызды, халқымыздың абзал ақындарын, тылсым дүние құбылыстарын, таңғажайып табиға­тымызды, қайнаған өмір, тіршілік тынысын жырына арқау еткен. Ақын­ның қайсыбір толғау өлеңдерін ал­саңыз да оқырман жүрегіне жылылық сыйлап, терең ойға батырады. Айып­берген Балтабайұлы қашанда өзін-өзі қамшылап, қайрап, үнемі білімін жетілдіріп, дамытып, тынымсыз еңбектеніп, ізденісте жүретін, жаңаша көзқарастағы, пәлсапалық ой-толғамдары мол өзіндік дара қолтаңбасы бар қаламгер».

Иә, өзінің мамандығы құрылыс инженері бола тұрып, әдебиет әлеміне ерекше құштарлық танытып, қазақ поэзиясына батыл құлаш ұруы көп адамның бойында бола бермейтін құбылыс. Бұл тура­­лы ғалымдарымыз – Р.Бердібай, М.Мырзахметов, С.Негимов, Қ.Ер­гөбек, Н.Қадырбаевтар айрық­ша тоқталып айтып кеткен. А.Бал­табайұлының өлеңдерін, рубаи, бәйіттерін оқып отырып, ерте кезеңдердегі Шығыс ақындарының өлеңдерінде кездесетін терең фило­софиялық ой-шумақтарын, дәстүр жалғастығын байқаймыз.

«Қаламсабым мұқалмаған ұстарам,

Өмірімде тура жолды ұстанам.

Кей-кейде дүниеге түңілсем де,

Көлдеп көзім жасқа, жүрегімнен от алам!»,

деп толғайды.

Ақын афоризмдерді, рубаиларды жазуда үлкен шеберлікке ие. Қаламгердің бір кездегі Фирдоуси, Рудаки, Мақтымқұлының, әйгілі інжу-маржан шығармаларды, хадистерді меңгергенін аңғару қиын емес. Ол өзінің туған өлкесін, Алатау мен Қаратауды, Қазығұрт пен Ұлытауды түгел қосып жырлайды. Өзі Сырдарияның бойында дүние есігін ашса да, сонау Алтайды, Сарыарқаны сағына сарынға қосады. Адамның ішкі болмысын суреттеуге ұмтылады.

«Жақсылықтың жаршысы болған аймағым,

Туған жер, туған елім қаймағым» деп жырлап, «бүгінде қимас үш бұрыш, үш тілегім бар» дейді.

«Бірі – Отаным, елім, туған жерім,

Бірі – болашағым, ұрпағым, ұл-қыздарым,

Бірі – рубаи, қисса, хикмет, дастандарым»,

деп өмір өрнектерін кестелі өреді.

Қаламгер – Отанын, туған жерін шексіз сүйетін азамат. Оның дәлелі, туған жері мен еліне деген тебіреністен туған өлеңдері мен толғаулары, арнау­лары. Екіншіден, өмір туралы терең философиялық жыр­лары адамды ойлантпай қой­май­­ды. Үшіншіден, әдебиетімізге, поэ­зия әлеміне, ана тілімізге деген шек­сіз сүйіспеншілігін байқап, риза боласыз.

Қаламгер қазақ ұлтының тұң­ғыш елшісі, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист, ағартушы-ұстаз Нәзір Төреқұловтың өмірі мен еңбек жолы туралы «Ұлы дала перзенті» атты тарихи-деректемелік роман жазды. Сондай-ақ «ХХ ғасыр адамы» атанған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолын пьеса ретінде сахналық туындыға айналдырды.

Айыпберген аға ХХ ғасырда өмір сүрген әйгілі мырзашөлдік ақын Қайыпназар Әйтпеновтің әдеби мұрасын, өлең-жырларындағы, дастандарындағы ізгілікті ұстаным­дарын саралап, ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеді. Өмірі мен шы­ғар­машылығын ғылыми еңбегін­де көрсетті. Қ.Әйтпеновтің «Аталы сөз» кітабын жинақтап, шығару­ға мол үлес қосты. Сондай-ақ И.В.Гё­тенің, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лер­монтовтың, Г.Омарованың, И.И.Переверзиннің өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

Немістің ұлы ақыны Гётенің 100 өлеңін қазақша сөйлетуі және ұлы қаламгердің «Рейнеке түлкі» дас­танын тәржімалауы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, Омар Хайямның 310 рубаятнамасын қазақшалады.

Жергілікті композиторлар Әзі­рет Мырзалиев пен Базарбек Біріс­ұлы әнін жазған «Мақтааралдың ару қызы», «Сарыағашым – махаббатым», «Ана жүрегі», «Мөлдір махаббат», «Ғашық қызға», «Сағыныш сазы», «Бойжеткен», «Жан сәулем», «Сарбазым» сынды өлеңдері жиі орындалып жүр.

Бүкіл саналы ғұмырын Оңтүс­тіктің қиырындағы Мырзашөлде кейіпкерлері, ауылдастары арасында өткізіп келе жатқан Айыпберген Балтабайұлы ағамыз «Ұлы дала перзенті» атты бес томдық таңдамалы шығармаларын «Үш қиян» баспасынан шығарды. Мұнда қалам иесі өмірге, қоғамға көзқарасын өзіндік пайым-түсінікпен беруге тырысқан. Өзіндік байламдары оқырманға ой салады. Ішкі сырын, жан дүниесін ақтара отырып, көпшілікпен ой бөліседі. Ал жақында атақты орыс қаламгері Иван Переверзиннің «Лена өзенінің жағалауында» деп аталатын туындысын ана тіліміз­ге аударып, кітап етіп жарыққа шығарды. Сондай-ақ пәлсапалық ой-толғамдардан тұратын «Бір кем дүние...» деген жаңа кітабы да оқырман қолына тиді. Қазірге дейін қаламгер ағамыздың түрлі жанрда жазған 25 кітабы жарық көрді.

Иә, тіршілік қамы, уақыт талабы өмірін басқа бағытқа бұрып жіберсе де, түпкі аңсары әдебиет болғандықтан кеш те болса сиқырлы, сырлы сөздің сыңғыры жанын арбап, поэзия мен прозада бағын сынаған ағамыз еңбектенуден еш жалыққан емес. Қаламына бір сәт те тыным жоқ. Сөз өнері – жүректі тол­қытып, ақылды таразылап, тіл қисы­нын қиюластырып, ойдың бояуын өрнектеп жеткізетін ұлы өнер. Осы қас­терлі, қасиеті мол өнер­­ге ерек­ше ден қойған Айыпбер­ген Бал­­табайұлына тұлпар шабы­сыңыз­дан таймаңыз деген тілек айтамыз.

 

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ,

Журналистер одағының мүшесі,

Ақпарат саласының үздігі

 

Түркістан облысы