Сурет: adyrna.kz
Мемлекет басшысы цифрландыруды жай техникалық үдеріс емес, стратегиялық міндет ретінде атап өтіп, жасанды интеллект жылын жариялау арқылы бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты әрі өлшемді мақсат қойып отыр. Бұл – еліміздің жаһандық технологиялық бәсекелестікке бейімделуінің белгісі.
Жүйеге жасанды интеллект енгізудің басты тиімділігі – шешім қабылдау уақытын қысқарту, өнімділікті арттыру әрі мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту. Президент осы бағыттағы жұмыстар статистика үшін емес, нақты нәтиже үшін іске асуға тиіс екенін дұрыс айтты.
Сонымен қатар «Ұлттық цифрлық мұра» бастамасы – өте дер кезінде көтерілген тақырып. Тарихи, мәдени, ғылыми қорды цифрлық форматқа көшіру тек мұрағат жұмысы емес, ұлттың ақпараттық егемендігі мен идеологиялық тәуелсіздігін сақтайтын стратегиялық қадам. Әлемде дерекке иелік еткен ел ғана бәсекеге қабілетті мемлекетке айналып жатыр. Сол себепті цифрландыруды экономикалық құрал ретінде ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен мәдени тұтастықтың тірегі ретінде қарастыру – дұрыс шешім.
Жалпы, Президенттің бұл жолғы ұстанымы еліміздің цифрлық трансформацияда жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Егер осы міндеттер жүйелі орындалса, еліміз аймақта ЖИ мен цифрлық технологияларды дамытатын жетекші орталыққа айналу мүмкіндігіне ие болады.
Мейіржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ,
ІТ маманы