Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Сол тұрғыда мемлекеттік гранттар – жас кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетудің тиімді тетігі. Түрлі бағдарламалар, жүйелі түрде беріліп отыратын қайтарымсыз несиелер жастардың бизнес бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік тудырып, елдегі кәсіпкерлік мәдениетті нығайтуға жол ашады. Талапты жастар гранттар арқылы кәсібінің өрісін кеңейтеді, стартап, IT, экология, әлеуметтік кәсіпкерлік сияқты жаңа бағыттарда жұмыс жүргізуге талпынады.
Қаржылай көмек алу мақсатында бизнес-жоспар құрып, жоспарлау, есеп жүргізу, нарықты зерттеу секілді дағдыларды меңгереді. Ауылдық жерлердегі жастарға да мал шаруашылығы, қолөнер, ауыл туризмі сынды салаларда кәсібін ашуға мүмкіндік туады. Кәсіпкер жастар ел экономикасына үлес қосады, жаңа өнім мен қызмет түрлерін шығарады. Бір сөзбен, мемлекеттік гранттар – жастардың армандарын нақты іске айналдыратын құрал. Ол арқылы белсенді, кәсіпқор, табысты жас буын қалыптасады. Бұл – еліміздің болашағына салынған инвестиция. Бүгінде мемлекеттік қаржылай қолдау арқылы кәсібін кеңейтіп, шаруасын шалқытып отырған жас кәсіпкерлер көп.