Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 20:27

Қостанайдағы «Аллюр» зауытында жас мамандарға арналған оқу-жаттығу орталығы ашылды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайдағы «Allur» зауыты көлік бояу цехына маман даярлайтын «МСВ Бояу» оқу-жаттығу орталығын ашты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанайдағы «Аллюр» зауытында жас мамандарға арналған оқу-жаттығу орталығы ашылды

Оқу нысанының ашылу салтанатында зауыттың атқарушы директоры Арғұлан Майқонов аталған жобаның стратегиялық тұрғыдан маңызды екенін атап өтті:

«Оқу орталығының ашылуы – «Allur» зауытының кадрлық әлеуетін дамытудағы тағы бір маңызды қадам. Біз өз қызметкерлерімізге заманауи, тәжірибеге негізделген білім алуға жағдай жасап отырмыз. Сапалы кадр  – сапалы өнімнің негізі. Бүгін жұмысын бастаған  оқу-жаттығу  орталығы  автоөнеркәсіп саласының ең жоғары талаптарына сай мамандарды даярлап шығаратын болады», деді А.Майқонов.

«МСВ Бояу» орталығында жастар автомобиль бояуда іске асырылатын  бояуды жылтырату, лактау, мастика жағу дағдыларын меңгереді, сондай-ақ бояу роботын басқаруды үйренеді. Мұндағы оқу мерзімі үйренушінің қабілетіне қарай екі аптадан үш айға дейін созылады.  

«Орталықтағы оқу-жаттығу бағдарламасы тәжірибеге негізделген. Мұнда тыңдаушылар қарапайым және күрделі дағдыларды меңгереді, автомобиль бояу технологиясының қыр-сырына қанығады. Сабақ барысында, ең алдымен,  техника қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау мәселесі қадағаланады», дейді оқу орталығының шеберлері.

Зауыт басшысының айтуынша, кәсіпорында соңғы бір жыл ішінде «МСБ құрастыру» оқу-жаттығу нысаны, сапа мектебі, сондай-ақ, Қостанай автомобиль көлігі колледжі жанынан ашылған құзырет орталығы іске қосылған.  

Қостанай облысы