Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, қордың басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, Қамқоршылық кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев, қала әкімі Ғалым Әшімов, оқушылар мен ата-аналар, спортшылар қатысты.
Салтанатты жиын барысында қонақтар №8 және №17 жалпы білім беретін мектептердегі жаңа спорт және оқу инфрақұрылымымен танысты, сондай-ақ «Балалар технопаркінде» болды.
«Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, Қарағанды облысына бөлінген 4,7 миллиард теңгенің 700 миллионы медицина мен әлеуметтік саланы дамытуға, ал 4 миллиарды білім саласына бағытталса, оның 2,4 миллиарды Теміртау қаласының 30 мектебінде жаңа спорт алаңдарын салуға, қажет жабдықтарды сатып алуға жұмсалған.
Құрышшылар қаласындағы №8 жалпы білім беретін мектеп екі жоба аясында қаржыландырылып, жалпы сомасы 110,5 миллион теңге болды. 2024 жылы «QH – Қарағанды облысының мектептерінде «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» жобасы аясында мектептің физика, химия және биология пәндерінің кабинеттері зертханалық, интерактивті және компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жобаның құны – 35,9 миллион теңге.
Мектеп директоры Гүлбарам Үсенова келген қонақтарды жаңартылған пән кабинеттерімен таныстырып, одан кейін сырттағы жаңа спорт алаңының ашылу салтанатын өткізді.

«QH – Теміртау қаласының білім ұйымдары оқушыларының дене шынығуын дамыту» жобасы аясында құны 74,5 миллион теңге болатын спорт алаңында футбол алаңы, 2/1 үлгісіндегі волейбол-баскетбол ойын алаңы, жаттығу аймағы, сондай-ақ көше тренажерлары мен воркаут кешені бой көтерді.
Сонымен қатар «Балалар технопаркінде» 10 оқу шеберханасы мен зертханалары: «Жасыл мектеп», «Жасанды интеллект», роботтехника және пилотсыз көлік зертханалары, бастапқы техникалық модельдеу, кеме және автоүлгілеу шеберханалары, телестудия кабинеттері ашылды. Бұл жобаның құны 221,5 миллион теңгені құрады.
Қаладағы №4, №10, №17, №27 және №29 мектептеріне хоккей корттары сыйлық ретінде орнатылды. Теміртау мектептеріндегі спорт алаңдарын салу жобасын «Батыр боламын» қоғамдық қоры атқарды.
№8 мектептің спорт алаңының ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз алып, «Президентіміз әрқашан елімізде адами капиталды дамытуға назар аударады. «Қазақстан халқына» қорының осы жобасы Теміртау оқушыларының жан-жақты білім алып, спортпен шынығуына мүмкіндік береді», деді.
Спорт кешенінің лентасын Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, Қамқоршылық кеңес төрағасының орынбасары Гаухар Бейсеева және 10-сынып оқушысы Арысұлан Қожамұратов қиып, ардагер ұстаздар шашу шашты.
Ашылу рәсіміне арнайы келген бапкер, мектеп түлегі, каратэ спортынан әлем чемпионы, қара белбеу иегері Нұрсұлтан Қожамұратов шәкірттерімен өнер көрсетті.
№17 мектеп те «Қазақстан халқына» қорынан 142,8 миллион теңге қаржылай қолдау алып, пән кабинеттерін жаңартты және спорт алаңын салуға мүмкіндік алды.
«Балалар технопаркі» жұмыс істеп тұрған 6 үйірмеге жаңа құрал-жабдықтар сатып әперіліп, инженерлік бағытта тағы 4 үйірме ашылды, оған мамандар арнайы оқытылды. Қор тірек мектептер мен ерекше балаларға арналған мектеп-интернатқа да қажетті құрал-жабдықтар мен спорт алаңдарын салуға көмек көрсетті.
Бұл жобаның нәтижесінде Теміртау қаласының білім сапасы 3,1 пайызға өсіп, 56,9 пайызды құрады. 2024–2025 оқу жылының түлектері арасында 28 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 52 оқушы үздік аттестат алды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 927 түлек қатысып, 201-і мемлекеттік грантқа ие болды, оның ішінде техникалық мамандықтарға оқуға түскендер де бар.
Жобаның арқасында қаланың 30 мектебі жаңа футбол алаңдары, баскетбол-волейбол аймақтары, воркаут кешендері және хоккей корттарымен қамтылды. Жаңа спорттық және оқу инфрақұрылымы 24 мың оқушыға арналған, олар тұрақты жаттығулар өткізіп, түрлі жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.
Жалпы Қарағанды облысындағы жеті қосымша білім беру ұйымы да жаңа техникалық жабдыққа ие болды. Олар инженерлік дағдыларды, роботтехниканы және ғылыми-техникалық шығармашылықты дамытуға арналған STEM-техникамен толық жарақтандырылды. Өңір бойынша 35 үйірме жаңартылып, роботтехника, бағдарламалау, 3D-модельдеу және киберспорт бағыттарын қамтитын 21 жаңа үйірме ашылды.
– Біз зертханаларды жаңартумен қатар, педагогтердің даярлығына да жіті көңіл бөліп отырмыз. Қазір мұғалімдер менторлық қолдау алуда. Оқушылар сарайында алты үйірме толық жаңғыртылып, тағы төртеуі ашылды, – деді «Қазақстан халқына» қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева.
«QH. «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» жобасы аясында Қарағанды облысының 86 мектебінде жаратылыстану пәндерінің зертханалары жаңартылды. Педагогтер заманауи оқыту әдістемелерін меңгеріп, біліктіліктерін арттырды.
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы