Бюджет • Бүгін, 10:08

«Отбасы банк» зейнетақы қаржысына көз емдеуге тыйым салды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгіннен бастап біржолғы зейнетақы жарналары есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге арналған өтінімдер қабылданбайды. Бұл туралы «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Отбасы банк» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

«Отбасы банк» зейнетақы қаржысына көз емдеуге тыйым салды

Фото: gov.kz

Аталған қызмет үшін өтінімді қабылдау Денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ) емделуге пайдалану ережелеріне енгізген өзгерістерге байланысты тоқтатылып отыр. Аталған бұйрық күні кеше жарияланған. Бұйрық мазмұнына сай енді зейнетақы қаражатын стоматологиялық, офтальмологиялық қызмет құнын төлеуге тыйым салынады. 

Ал бүгінге дейін жіберілген өтініштер қабылданып, белгіленген тәртіп негізінде қаралады. Қазір банкте «офтальмология» бағыты бойынша бас-аяғы 13,3 млрд теңге сұратылған 15808 өтінім қаралып жатыр. 

Оның ішінде 5131 өтінім (4,6 млрд теңге) бойынша банк мамандары құжаттарды тексеріп жатыр. Бұдан бөлек 10 677 өтінім иесі 8,7 млрд теңге қосымша қаржы сұратқан. 

«Отбасы банк» АҚ-ның баспасөз қызметінің мәліметінше, стоматологиялық қызметтерге өтінімдер тоқтатылғаннан кейін офтальмологияға сұраныс күрт артқан. 

15 қыркүйекке дейін айына орташа 174 өтінім мақұлданса, шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 7 есеге, яғни 1 264 өтінімге дейін артқан. 

Сонымен қатар банк бірқатар күмәнді факт анықталғанын хабарлады. 

«Клиенттер бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасаса да, құжаттарда клиниканың әр қалада орналасқан түрлі мекенжайлары көрсетілген. Тексеру барысында белгіленген мекенжайларда мұндай клиниканың жоқ екені анықталды», делінген хабарламада. 

Айта кетейік, БЖЗҚ-дағы артық қаражатты пайдалану кей бағыттар бойынша тоқтатылғанымен, мынадай маңызды және қымбат ем түрлеріне пайдалануға болады: 
    •    орфандық (сирек) ауруларды емдеу;
    •    реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары;
    •    радионуклидті және радио-йод терапия;
    •    радиохирургиялық ем;
    •    протондық терапия.