Фото: ria.ru
Сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейден балаларды күштеп көшіру, депортациялау, оларды отбасынан және заңды қамқоршыларынан ажырату, жеке мәртебесін өзгерту (азаматтық беру, асырап алу немесе қамқорлыққа беру) арқылы идеологиялық насихат жүргізу ісін дереу тоқтатуын талап етіп отыр.
Аталған құжат ұйымның Бас хатшысын өзінің өкілеттіктерін пайдалана отырып, мәселені Арнайы өкілінің көмегімен шешуге үндейді.
Бас Ассамблея өкілі Анналена Бербок осы мәселені тиянақтауға арналған жиында жоғарыда аталған жағдайларды басынан өткерген Украин баласының оқиғасын айтып берді.
«Көз алдыңызға елестетіп көріңізші... Сіздің жасыңыз 16 шамасында. Бір күні үйіңізге бетперде киіп, қару асынған сарбаздар басып кіріп, сізді күштеп өзіңізге белгісіз аймаққа алып кетеді. Одан кейін бірнеше айды қорқынышты жағдайда өткізіп, тіпті атыңызды ауыстырып жібереді. Бұл – Ресейге күштеп депортацияланып, әскери дайындыққа жіберілген мыңдаған украин баласына ортақ оқиға. Осындай жағдайға тап болған балалар БҰҰ атқаратын міндеттерден бейхабар болуы мүмкін. Сондықтан біз қоғамның ең осал өкілдері, балалардың үніне құлақ асуымыз қажет», деді Анналена Бербок.
Женева конвенциясының 49-бабында басып алынған аумақтан балаларды күштеп көшіру немесе депортациялауға тыйым салынған. Анналена Бербок осы тыйым орындалмай отырғанына да назар аударды.
Жиында сөз алған Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Марьяна Бецаның айтуынша, бүгінгі күнге дейін Ресей Федерациясы кемінде 20 мың украиналық баланы өз елінен мәжбүрлі түрде алып кеткен. Олардың кейбірі қайтарылса, басым бөлігінің қазіргі халі, тағдыры белгісіз.
Ал БҰҰ жиынына қатысқан Ресейдің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Мария Заболоцкая қарар балаларды қорғауға емес, Ресейдің балаларды депортациялау ісін қазбалауды көздейтінін атап өтті.
Оның сөзінше, Ресейдің 20 мың украин баласын мәжбүрлі көшіргені туралы дерек бірнеше жылдан бері өзгеріссіз айтылып келеді.
«Бастамашы тараптың нақты тізімін немесе ата-аналарының өтінішін алдымызға тартқанын көрген жоқпыз. Халықаралық Қызыл Крест комитеті, Қасиетті Тақ және Қатар мемлекеті бұл мәселеде делдал болып отыр. Ресей басшылығы да АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамптың әскери әрекеттерден зардап шеккен балалардың тағдырын шешу жөніндегі бастамасын қолдайды. Осыған дейін 122 – украиналық, 39 – ресейлік бала өз еліне қайтарылды», деді Мария Заболоцкая.
Сондай-ақ Заболоцкая Ресейдің халықаралық гуманитарлық құқықты бұзып, украиналық балаларды күштеп асырап алғаны туралы ақпаратты да жоққа шығарды.