Спорт • Бүгін, 14:15

Тұңғыш әлем чемпионы: Таэквондошы Бейбарыс Қабылан жеңіске қалай жетті?

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таэквондо спорты – жылдамдық пен күштің үйлесімін қажет ететін күрделі спорт. Қазақстан бұл спорт түрінен талай жыл халықаралық аренада табанды еңбек етіп келсе де, әлемдік деңгейдегі басты жетістікке қол жеткізу мүмкіндігі бұйырмай келген еді. Биыл 21 жасқа дейінгі Әлем чемпионатында Бейбарыс Қабылан ел тарихындағы тұңғыш алтын медальді жеңіп алып, тарихи жеңістің шымылдығын түрді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тұңғыш әлем чемпионы: Таэквондошы Бейбарыс Қабылан жеңіске қалай жетті?

Таэквондошылар арасындағы биылғы әлемдік біріншілік Африканың інжу-маржаны саналатын Найробиде ұйымдастырылды. Бейбарыс Қабылан 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жарыстың алғашқы күнінен-ақ оның аяқалысы ерекше екені аңғарылды. Алғашқы айналымдарда Үндістан мен Түркия спортшыларын сенімді түрде қапы қалдырып, жартылай финалға жолдама алды.

Жартылай финалда Бейбарыс Иран спортшысы Ашрафи Амирмохаммадпен белдесті. Таэквондо әлемінде Иран мектебі ерекше мықты саналатыны белгілі. Соған қарамастан, Бейбарыс қарсыласының шабуылдарын дер кезінде тоқтатып, 2:1 есебімен жеңіске жетіп, финалдың есігін айқара ашты.

1

«Әлемдік деңгейдегі жарыста жеңіске жету оңай емес. Иран спортшысы мықты қарсылас болды, бірақ әр раундта тактикалық жоспарыма сай қимылдап, жеңіске жеттім. Енді алдағы мақсат – Қазақстанның көк туын әлемдік ареналарда биікке көтеру», дейді Бейбарыс Қабылан.

Кез келген доданың финалында спортшының ең үлкен ұмтылысы сыналады. Бұл кезеңде Бейбарысқа Оңтүстік Кореяның өкілі Ян Чжунён қарсы тұрды. Тартысты жекпе-жекте отандасымыз қарсыласының әрбір қимылын дәл бақылап, сәт сайын тиімді соққылармен басымдыққа ие болды. Ян Чжунён финалда бірнеше мәрте белсенді әрекеттерге көшкенімен, Бейбарыстың қырағылығы мен техникалық артықшылығы шешуші рөл атқарды. Ақырында, жарыс нәтижесі біздің спортшының айқын басымдығымен аяқталып, Қазақстанның аты әлемдік таэквондо тарихында алтын әріппен жазылды.

2