Фото: Ашық дереккөз
Бұл үрдіс мұнай бағасының барреліне 60 доллардан жоғары сақталуы, АҚШ Федералды резерв жүйесінің мөлшерлемені төмендету цикліне өтуі, сондай-ақ жаһандық доллар индексінің 8,3%-ға әлсіреуі сияқты сыртқы факторлармен байланысты.
Дамушы елдердің валюталары да жыл басынан бері орта есеппен 8,3%-ға нығайған, осының аясында Қазақстан нарығына деген халықаралық инвесторлардың қызығушылығы артып отыр.
«Инфляциялық қысымды төмендетуге және макроэкономикалық ортаның болжамды болуын еселеуге бағытталған Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді саясаты теңгенің нығаюына айтарлықтай үлес қосты. Атап айтқанда, Үкімет, Ұлттық банк және Агенттік 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономиканы тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асырып отыр. Аталған бағдарлама сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті жоюға, бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға, микро және макропруденциалды реттеу шараларын іске асыруға, халықтың нақты табысын өсіруге және инфляцияны төмендету мен тұрақтандыру арқылы орнықты экономикалық өсімге жағдай жасауға бағытталған», делінген мәлімдемеде.
Ұлттық банктің қатаң әрі дәйекті шешімдері нарық сенімін арттырып, теңгедегі құралдардың нақты кірістілігін көбейтті. Қазан айынан қараша айына дейін бейрезиденттер Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына 1,1 миллиард доллар инвестиция құйды. Осылайша, жалпы инвестиция көлемі 3,6 млрд долларға жетті.
Бұл Қаржы министрлігі үшін қарыз алу құнын төмендетуге мүмкіндік берді: желтоқсанда 9 жылдық МБҚ 16,1% кірістілікпен орналастырылды (қазанда – 17,2%).
Ұлттық банк шетелдік инвесторлардың өсіп келе жатқан валюталық ұсынысы мен сыртқы қолайлы ахуал теңге бағамына тікелей әсер еткенін атап өтті.
«Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын дамыту бойынша Ұлттық Банктің жүйелі жұмысы – операциялардың ашықтығын арттыру, кірістілік қисығын қалыптастыру, бейрезиденттер үшін қолжетімділік пен есеп айырысу рәсімдерін жетілдіру – нарықтың сапалы негізін қалыптастырып, шетелдік инвесторлардың қызығушылығын қолдап отыр», делінген хабарламада.
Сонымен қатар қазіргі айырбас бағамы динамикасы экономикалық саясат сапасының жақсарғанын және болжамды макроорта қалыптасқанын көрсететіні атап өтілді. Теңгемен бағаланатын құралдарға инвесторлардың сенімі артқан.
Ұлттық банк еркін өзгермелі айырбас бағамы режимінің сақталатынын және теңге бағамының екіжақты қалыпты құбылуына жол берілетінін мәлімдеді.
«Валюта нарығындағы жағдай тұрақты бақылауда. Қазіргі уақытта Ұлттық Банк алыпсатарлыққа қатысты белсенділікті және оған араласуға итермелейтін қандай да бір факторларды байқап отырған жоқ», делінген ресми ақпаратта.
Бұған дейін сарапшылардың теңге бағамының күшеюін ішкі нарықтағы ұсыныстың артуымен және сыртқы экономикалық факторлармен байланыстырып отырғанын жазған едік.