Экономика • Бүгін, 20:51

Биыл Ақтөбеде құны 110 миллиард теңгеден асатын сегіз жоба жүзеге асырылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде 20 мемлекеттің өкілдерінің қатысуымен өткен «AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025»   жиынында жаһандық өзгерістер жағдайындағы  аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы,  инвестициялық саясат,  инвесторларды қолдау шаралары,  Еуразиялық экономикалық Одақ, Еуропа мен Азиядағы серіктестермен ынтымақтастық  бағыттары талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

Биыл Ақтөбеде құны 110 миллиард теңгеден асатын сегіз жоба жүзеге асырылды

Қонақтарға  өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі  және  ірі өндірістік нысандарға  тур ұйымдастырылды. Іс-шара барысында   427 млрд теңгені құрайтын 17 меморандум мен келісімге қол қойылды. Олардың қатарында  Хромтау ауданында салынатын 100 МВт-тық жел электр станциясы  (SUNGROW, Қытай), СТГ зауыты (Condor Energies, Канада) және сусын шығаратын кәсіпорын  (Coca-Cola Almaty Bottlers, Түркия), металл бұйымдары   зауыты ( Қытай), агроөнеркәсіптік кластер (Harvest Agro Holding, Швейцария), қуаты  180 МВт  электр станциясының құрылысы (MUREL, Түркия) бар.  Жиын соңында  құрылып жатқан «Ақтөбе экономикалық аймағының  басқарушы компаниясы «Ганьцюаньбао» экономикалық аймағымен (Үрімші, Қытай) ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

 «Біз әрқашан ұзақмерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықты қолдаймыз. Ақтөбе облысы географиялық орналасуы жағынан қолайлы, барлық көлік инфрақұрылымдары жақсы дамыған,  табиғи ресурстарға бай әрі  білікті кадрларымен ерекшеленеді.  Өңірде  19 мыңнан астам  кәсіпорын тіркелген.  Құрылып жатқан арнайы экономикалық аймағы, агроөнеркәсіптік кешендегі жобалар өңірді инвестиция үшін ерекше тартымды етеді. Жыл басынан бері Ақтөбе облысына  892 миллиард теңге инвестиция тартылған. Биыл жалпы құны 110 миллиард теңгеден асатын сегіз жоба жүзеге асырылды, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерінің ірі нысаны іске қосылды», деп атап көрсетті өңір басшысы Асхат Шахаров.

Халықаралық жиында сөз алған Австрияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андреа Бахер Австрия мемлекетінің 400-ден астам компаниясы  Қазақстанмен  байланыс орнатқанын, әсіресе,   Транскаспий  халықаралық көлік дәлізін дамытуға ықыласты болып отырғанын хабарлады. «Австрия –экспортқа бағытталған ел. Елдегі 10 евроның  алтауы   тауарлар мен қызмет көрсету экспортынан келеді.  2024 жылы Австрия мен Қазқстан арасындағы тауар  айналымы  рекордтық деңгейге жетіп, 2,8 млрд евроны құрады. Биылғы жылдың 9 айында  да осы көрсеткіштің 11%-ға өскені байқалады», деді елші Андреа Бахер.

Ақтөбе облысы.