Руханият • Бүгін, 07:30

1992 жыл. Үлкен кісінің үйінде

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Толық тәуелсіздік алып, егемен елдік сипатымен барлық мәселесін ешкімге жалтақтамай дербес шешуге қол жеткізу әр халықтың да арман-аңсары болса керек. Бірақ азаттыққа апарар жолдың азабы да мол екені баршамызға белгілі.

1992 жыл. Үлкен кісінің үйінде

...1986 жылдың желтоқсан айы. Кеңес өкіметінің күшіне мініп тұрған кезі. Мәскеуден басқарылатын тоталитарлық тұрғыдағы әміршіл-әкімшіл жүйе Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің пленумында республика басшы­лығын ауыстыруды ойлады, сөйтіп, бәрі де бар болғаны он-он бес минутта шешіліп, қазақ халқының маңдайына біткен алып тұлға Дінмұхамед Қонаевты орнынан алды. Оның орнына Ресейден әкелінген ешкімге белгісіз Геннадий Колбинді бірінші хатшылыққа сайлап, ұлтымыздың намысына тиді...

Барлығы осыдан басталды да, отаншыл, ұлтшыл қазақ жастары батылдықпен бас көтеріп, бүкіл әлемді «шулатты». Негізінде  бұл бергі жағында жатқан себеп еді. Ал арғы жағында бодандықтан бостандыққа ұмтылған жалын жүрек жастарымыздың  болаттай суарылған арман-мүддесі жатқан болатын. Осылайша, олар дүниежүзі демей-ақ қояйық, бірақ, кеңес одағы кеңіс­тігіндегі демократия­лық дүмпудің алғашқы «жарылысын» жасап, арқырап теңдік сұрап алаңға атойлап шықты.

Иә, осы жерден тізгін тартып, енді мына суреттің жай-жапсарына келейік.

«1992 жылдың сәуір айы еді, –  дейді белгілі жазу­шы-көсемсөзші, баспагер Тал­ғат Айтбайұлы. – Димаш Ахмет­ұлының үйіне арнайы бардық. Қасымда – заңгер Той­болды Зейнәбілов, қолы­мызда –  жаңа ғана басылып шыққан «Алматы. 1986 жыл. Желтоқсан» атты жи­нақ (қазақша, орысша), мақса­ты­мыз – осы айғаққа толы ма­ңызды кітапты Димаш аға­ның қолына құрмет­пен тап­­сыру. Атап  айтарым, екеу­­­міз бұл міндетті  сол жолы сәтіменен оңтайлы орын­дадық».

Бұл тұста ескерте кетсек, Талғат мұндай игі істі жақсы жалғастырып, бүгінге дейін осы сериямен 12 кі­тап шығарып, ерлік деуге келер­ліктей еңбек етті.

Суретте: төменгі қатарда сол жақтан Тойболды Зей­нәбілов, Талғат Айтбай, кө­зілдірікті кісі Түркиядан келген кәсіпкер. Жоғарғы жақта солдан оңға қарай Қазақстан діни басқармасы төрағасының орынбасары Асылхан (тегін білмей отырмыз), белгілі әдебиетші ғалым Мардан Байділдаев, Асылханның жүр­гізушісі және оң жақта ең шеткі академик  Ешімбет Байбарақов (әрине, мұндай дәрежеге кейін жетті ғой). Бұл жерде барлығының басы кездейсоқ түйісіп қалған екен – басқалар да халқымыздың қадірлі перзентіне сәлем беруге барған ғой.

Бір ғажабы, бәрінің де жүз­дерінен ерекше бір жылылық  төгіліп тұр. Бұл жан-жағына жылы шуақ шашқан жақсы адамның қолын алып, әсерлі әңгімесі мен ұлағатқа толы сөзін ұйып тыңдағаннан кейін  ғана болатын керемет сәт-ау.

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналистика ардагері

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы