Алтын қыз маусым барысында ойнаған 78 матчта 516 қайтарымсыз соққы (эйс) жасап, ерекше көрсеткішке қол жеткізді. Бұл – әйелдер турында соңғы тоғыз жыл ішінде бірде-бір спортшы жете алмаған рекордтық нәтиже. Екінші орындағы теннисші, чех Линда Носкованың (№13) көрсеткіші – 66 ойында 373 эйс, айырмашылық айтарлықтай екені көзге ұрып тұр. Еленаның бұл жетістігі Гиннесс рекордтар кітабына енгізілгенін айта кеткен жөн.
2025 жыл Е.Рыбакинаның спорттық жолындағы ең табысты маусымдардың бірі болды. Ол Страсбург (Франция), Нинбо (Қытай) қалаларында өткен WTA-500 турнирлерінде топ жарды. Ең бастысы, Сауд Арабия астанасы Эр-Риядта өткен WTA-ның қорытынды турнирінде тұңғыш рет жеңімпаз атанды.
Бас жүлдеге жету жолында еліміздің теннисшісі әлемнің жетекші ойыншыларын: топтық айналымда – Аманда Анисимованы (№4), Ига Швентекті (№2), Екатерина Александрованы (№10), жартылай финалда Джессика Пегуланы (№5) бірінен соң бірін еркін еңсерді. Шешуші матчта әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңіп, маусымды WTA рейтингінде бесінші орында аяқтады.