Ауыл тұрғындары да жаңашылдықтан тыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, Жуалы ауданына қарасты Көлбастау ауылының тұрғыны Елужан Момышев күн көзінен қажетті энергияны алып, оны кәсіп көзіне айналдыруға кіріскен. Жасы алпысты алқымдаған ауыл азаматы біршама уақыт бұрын бақшасына күн электр стансасын салған. Қазіргі кезде сағатына 52 кВт қуат көзін өндіріп отырған ол бұл істі әрі қарай дамытуға ниетті. Ол өзі өндірген энергия көзін Тараздағы тоқ тасымалдайтын компанияға өткеріп отыр.
Жалпы алғанда, жаңартылған энергия көздерін өндіруден Жамбыл өңірі – республикада көш басында. Өңірде «Burnoe Solar-1», «Burnoe Solar-2» ЖШС-нің күн электр стансасы бірнеше жылдан бері толық қуатында жұмыс істеп тұр. Бұдан өзге де күннен, желден электр энергиясын өндіретін бірнеше станса бар. Осы жұмыстың бәрі көлбастаулық азаматтың жаңа істі бастауына себеп болса керек.
Елужан осы жылдың көктем мезгілінде бақшасын жаңартылған энергия көзін өндіретін стансаға айналдыруға білек түріп кіріскен. Тәуекелге бел буған азамат қажетті құрылғыларды шет мемлекеттерден сатып алыпты. Е.Момышев бірінші кезекте құрылғылардың сапасына айрықша мән берген. Мұнда орнатылған 100 панельден мамыражай мамыр айынан бергі аралықта 71 мың кВт электр қуаты алынған.
«Бұл жұмыстың өзіндік артықшылығы бар. Шынтуайтында электр энергиясын өндіру ісі жыл мезгіліне қарамайды. Ең бастысы, күн сәулесі түсіп тұрса болғаны. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы бірнеше жылдың бедерінде жаңартылған энергия көздерін өндіру ісіне айрықша басымдық беріп отырғанынан бәріміз хабардармыз. Жаһан елдері де біраз жылдан бері баламалы энергия көзін өндіруге кірісіп кеткен. Сондықтан мен де тәуекелге бел буып, осы жұмысқа өз үлесімді қосып жатырмын», дейді Елужан өз ойымен бөлісіп.
Ілгеріде істен шыққан тоңазытқыштарды жөндеумен айналысқан азамат сол әуестігінің жаңа істі қолға алуына себепші болғанын жасырмайды. Алдағы уақытта қолға алған ісінің аясын кеңейтуге де ниет білдіріп отырған жайы бар.
Е.Момышевтің айтуынша, өзі өндірген электр энергиясын қаладағы энергия орталығына өткеру мақсатында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліпті. Қазіргі кезде 1 кВт энергия қуатын 34 теңгеден саудалап отыр. Істі бастағалы бері екі жарым млн теңге көлемінде табыс тауып үлгеріпті. Сондай-ақ өз ауласында өндіріп отырған электр энергиясы елді мекендегі 50 шаңырақты тоқпен қамтуға қауқарлы көрінеді.
Кәсіпкер келтірген дерекке жүгінсек, жаңартылған энергия көзін өндірудің артықшылығы жеткілікті. Ол бірінші кезекте қауіпсіздікке басымдық берген. Мұндағы панельдердің қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Бағаналар бірнеше метр тереңдікке орнатылған. Жойқын жел ұшыра алмайды. Сондай-ақ жаңа технологияның найзағайдан қорғайтын жүйесі де уақыт талабына сай жұмыс істейді.
Шамамен бес мыңнан астам тұрғыны бар ауылдық округте тұратын Е.Момышев миллионнан астам халқы бар өңірде тұңғыш энергетик кәсіпкер атанып отырғанын айта кеткен жөн. Ауыл тұрғынының бұл қадамы өзге де азаматтарды қызықтырып отыр.
Жалпы алғанда, жоғарыда айтқанымыздай, Жамбыл өңірі баламалы энергия көзін өндіру жөнінен елімізде көш бастап тұр. Қазіргі кезде облыс көлемінде 571 мВт қуат көзін өндіретін 22 нысан үздіксіз жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, өңірде өндірілген электр энергиясы елдегі сұраныстың 30 пайызға жуығын жауып отыр.
Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының маманы Алмас Омаровтың айтуынша, облыс аумағында 6 су электр стансасы орналасқан. Қазіргі кезде облыс аумағында 6 күн, 10 жел электр стансасы бар. Алдағы уақытта өңірде екі бірдей ауқымды жоба жүзеге асырылады. Бір анығы, алдағы үш жылдың бедерінде жасыл энергия өндіретін тағы екі ірі станса салудың нәтижесінде өндірілген қуат көлемі 2,5 гВт-ға дейін артады.
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы