Сурет: icsd.kz
Көпжақты деңгейде біз БҰҰ Жарғысының қағидаттарын сақтау, бейбіт шешімдерді ілгерілету, ережелер мен ынтымақтастыққа, сондай-ақ елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге негізделген халықаралық жүйені нығайту мақсатында тығыз байланыстамыз. Қазақстанның дипломатиялық іс-әрекеті – қақтығыстардың алдын алудан бастап жаһандық форумдарға қатысуға дейін ЕО-ның бейбітшілікті ілгерілету, диалог орнату, шиеленісті азайту және халықаралық серіктестікті нығайту жөніндегі басымдықтарына сәйкес келеді. Осы ортақ көзқарастың арқасында біздің қарым-қатынасымыз барынша стратегиялық сипатқа ие болып, ынтымақтастығымыз қазіргі заманғы геосаяси контексте, мысалы, санкцияларды айналып өтудің алдын алу мәселелері саласында анағұрлым өзекті болып отыр. Соғысты тоқтатып, Украинада жан-жақты, әділ және тұрақты бейбітшілік орнату – Қазақстан мен ЕО-ның ортақ басымдығы.
Нақты нәтижелерді көріп отырған серіктестігіміздің тағы бір бағыты – көлік саласындағы өзара байланысымыз. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі Орталық Азия мен Еуропа арасындағы сенімді әрі тұрақты көпір ретінде стратегиялық маңызға ие болды. 10 млрд еуродан аса еуропалық және халықаралық инвестиция арқасында Орта дәліз жылдамырақ, тиімдірек және негізінен цифрлық сипатқа ие болып келеді. Бұл бағытты нығайту тек сауда үшін емес, сонымен қатар осалдықты азайтатын және Еуропаның аймақтағы басқа елдермен байланысын әртараптандыратын барынша орнықты еуразиялық көлік инфрақұрылымы архитектурасын құру үшін де өте маңызды.
Экономикалық байланыстар серіктестігіміздің берік әрі маңызды тірегі болып қала береді. Қазақстанда 4 мыңнан аса еуропалық компания жұмыс істейді. Ал «Horizon Europe» және «Erasmus+» бағдарламалары аясындағы ынтымақтастық, сондай-ақ кеңейіп келе жатқан тұлғааралық байланыс – біздің ұзақмерзімді жаңғыртуға салып жатқан инвестицияларымыздың айқын көрінісі. Визалық режімді жеңілдету туралы келіссөздер іскерлік, инновациялық және академиялық байланыстарды дамытуға ықпал ете отырып, осы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтады. Серіктестігіміздің тағы бір маңызды әрі стратегиялық аспектісі – Қазақстан мен Еуропаның «жасыл» және цифрлық көшуінің негізінде жатқан аса маңызды шикізат, энергия ресурстары мен технологияларды жеткізуді қамтамасыз ету.
Жақында орын алған жеткізудегі іркілістер жаһандық жеткізушілердің аз санына шамадан тыс тәуелділіктің тәуекелдерін көрсетті. Қазақстан-ЕО әріптестігінің осы проблемаларды шешу үшін бірегей мүмкіндіктері бар. Ол энергетикалық әртараптандыруды жеделдетуге, жаңартылатын энергия көздеріне инвестицияларды ұлғайтуға, технологиялық дамуды қолдауға және ЕО аса маңызды деп санайтын шикізаттың елеулі үлесін жеткізуге ықпал етуі мүмкін. Шикізат, аккумуляторлық батареялар мен жасыл сутек жөніндегі стратегиялық серіктестігіміз, сондай-ақ 2025-2026 жылдарға арналған бірлескен жол картасы осы әлеуетті жүзеге асыру үшін берік негіз қалайды.
Біздің болашақтағы ортақ міндетіміз – өңдеу және қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастығымызды тереңдететін, сондай-ақ геологиялық барлау, аккумуляторлық батареяларды қайта өңдеу мен экологиялық таза сутегі сияқты салалардағы инновацияларға ықпал ететін стратегиялық, тиімділігі жоғары жобаларды айқындау. Бұл – тек материалдар туралы емес, сонымен қатар ЕО-ның бәсекеге қабілеттілігін нығайта отырып, Қазақстанның өнеркәсіп секторын жаңғыртуға ықпал ететін тұрақты, болашаққа бағытталған құн тізбектерін дамытуға да қатысты мәселе.
Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге 10 жыл бұрын қол қойылған және қазір ынтымақтастығымыздың бағыты нақты айқындалған. Біз бейбітшілікті ілгерілететін, жаһандық ынтымақтастықты нығайтатын, орнықты байланыстарды күшейтетін және Қазақстан мен Еуропаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қолдайтын серіктестік құрып жатырмыз.
Келесі онжылдық іске асыру белгісімен өтуге тиіс: қосылған құнды құру тізбектерін нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту, технологиялық ынтымақтастықты тереңдету және нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыру. Қазақстан бұл жолда сенімді серіктес болып келеді. Біз бірге ортақ қиындықтарды ортақ артықшылықтарға айналдырып, екі тарап үшін де қауіпсіз, тұрақты және бәсекеге қабілетті болашақты қалыптастыра аламыз.