Вице-премьер Лея Гутьерресті жылы қарсы алып, биылғы шілдеде қызметке тағайындалуымен құттықтады. Ол 1994 жылдан бері жалғасып келе жатқан көпжылдық әріптестіктің маңызын атап өтті.
«Азия даму банкі – біз үшін стратегиялық әріптес. Ынтымақтастық кезеңінде Банк көлік, энергетика, ШОБ, цифрлық даму, әлеуметтік бірқатар маңызды жобаны қаржыландырды. Бүгінгі кездесу әріптестігімізді одан әрі нығайтуға, жаңа перспективалық бастамаларды жүзеге асыруға ықпал ететініне сенімдіміз. АДБ-ның Қазақстан бойынша 2023–2027 жылдарға арналған елдік стратегиясының негізгі басымдықтары біздің ұлттық басымдыққа толық сәйкес келетінін атап өткім келеді. Қазақстан бұдан әрі де осы стратегияны тиімді жүзеге асыруды қолдайды», деді ол.
Ынтымақтастық орнаған сәттен бастап АДБ Қазақстанға техникалық көмек пен грант түрінде 7 млрд доллардан аса қарыз берді.
Өз тарапынан Лея Гутьеррес қазақстандық тарапқа сындарлы диалогі үшін алғыс білдіріп, АДБ Жарғысын түзету бойынша дауыс беру кезінде Қазақстанды қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Қажетті дауыс беру шегіне жетудің нәтижесінде түзету Банкті кредиттеудің жиынтық көлемін 50%-ға – 36 млрд доллардан асыруға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, бұл шешім АДБ-ның дамушы мүше елдердің басым міндеттерін шешудегі күш-жігерін қолдауды едәуір кеңейтеді.
«Біздің ынтымақтастығымыздың барысында 1994 жылдан бастап АДБ Қазақстанға 7 млрд доллардан көп қаражат берді. Біз дәстүрлі бағытта да, жаңа секторда да әріптестікті одан әрі арттыруға сенеміз», деді ол.
Ол сондай-ақ биыл АДБ стратегиялық материалдардың құн тізбегін қолдауға арналған аса маңызды минералдар саласындағы жаңа саясатты жүзеге асыруға кіріскенін хабарлады. Банк осы салада тұрақты әлеуеті бар еліміздегі жаңа жобаларды зерделеуге дайын.
Вице-премьер сондай-ақ, Қазақстан Үкіметі АДБ, ЕАДБ, ЕҚДБ және Дүниежүзілік банкті қосқанда, халықаралық қаржы ұйымдарының үздік әлемдік тәжірибесі мен ұсынымдарын ескере отырып, МЖӘ туралы заңнаманы жетілдіруде жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.
Кездесу соңында тараптар көлік пен өнеркәсіптік инфрақұрылымда, технологияда, энергетикада, сыни материалдар саласында, тұрғын үй құрылысы мен басқа да сектордағы ынтымақтастықтың ағымдағы және перспективалық бағытын талқылады.