Фото: egemen.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Президент тапсырмасымен әзірленген «Халықпен бірге» жобасы аясында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және олардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр.
Партияның жол картасында Интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 43 мыңнан астам нысанды кезең-кезеңмен бейімдеу міндеті қойылған.
«Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуі тиіс. Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%-ы, 2024 жылы – 40%-ы, 2025 жылы – 60%-ы, 2026 жылы – 80%-ы, 2027 жылы – 100%-ы бейімделеді. Қазіргі уақытта ел бойынша 24 216 нысан толықтай бейімделген», делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысында биылға дейін 1578 нысан бейімделген.
Аймақта бейімделген нысандардың ішінде:
- Денсаулық сақтау ұйымдары – 198;
- Білім беру мекемелері – 339;
- Мәдениет объектілері – 129;
- Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 201;
- Спорт нысандары – 24,
- Әлеуметтік қорғау ұйымдары – 23,
- Көлік инфрақұрылымы объектілері – 14;
- Басқа да түрлі нысандар – 650.
Биыл Қызылорда облысының Әлеуметтік қорғау департаменті Әлеуметтік кодекс талаптарының орындалуын тексеру мақсатында 129 тексеріс жүргізген. Оның ішінде профилактикалық бақылау – 31, жоспардан тыс тексеру – 19, ал прокуратура бастамасымен 79 тексеру ұйымдастырылған.
«Тексеру нәтижесінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде 37 нұсқама берілді. Сондай-ақ жалпы сомасы 4 млн 699,3 мың теңге болатын 37 әкімшілік айыппұл салынды. Бірлескен тексерулердің қорытындысы бойынша прокуратураға 79 қорытынды ұсынылды», делінген хабарламада.
Ведомство өкілдері алғаш рет анықталған бұзушылықтар бойынша айыппұл салынбайтынын, тек нұсқама берілетінін атап өтті. Алайда нұсқама мерзімінде орындалмаса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.