Фото: Ашық дереккөз
Министрліктің мәліметінше, жоғары оқу орындары беретін білім туралы құжаттардың мазмұны мен бірегей үлгісі бекітіліп, әр дипломға арнайы серия, QR-код және қайталанбайтын нөмір беріледі. Дипломдарды қалыптастыру «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» арқылы автоматты түрде жүргізіледі. Егер студент туралы ақпарат бұл жүйеде жоқ болса, диплом нөмірі генерацияланбайды.
QR-код пен арнайы нөмірі жоқ құжаттар жарамсыз деп танылады. Университеттерде бұл жүйеге тек ресми тіркелген қызметкерлер ғана қол жеткізе алады.
Жалған дипломдардың жолын кесу үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігі интернет кеңістігін тұрақты бақылауда ұстайды. Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес жалған құжат жасау немесе пайдалану екі жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады.
Айта кетейік, бүгінде 46 жалған диплом мен оларды дайындаған 20 интернет-ресурс анықталып, материалдар тиісті органдарға жіберілген.
Сонымен қатар министрлік жоғары оқу орындарының деректерді цифрландыру жұмыстарын жалғастырып жатқанын хабарлады. Ал, жұмыс берушілер дипломның түпнұсқалығын epvo.kz қызметі арқылы онлайн тексере алады. Барлық дипломдардың электрондық нұсқасы «Цифрлық құжаттар» мобильді қосымшасында да қолжетімді.