Фото: dalatimes.kz
Арнайы салық режимі жеке бизнеске бірқатар маңызды жеңілдік ұсынады. Кәсіпкер Жаннұр Момыш үшін ең бастысы – салықтың минималды мөлшерлемесінің төмендеуі.
«Кәсіпкерлердің көбі ғимаратты сатып алу қымбат болғаннан кейін оны жалға алуға мәжбүр. Бұған қызметкерлердің жалақысы мен шикізатқа кететін шығындары қосылады. Осы шығыстарды алып тастағанда табыс өте аз қалады. Жаңа жылдан бастап салық көлемі азаяды. Бұл біз үшін үлкен қолдау болады деп ойлаймын», дейді кәсіпкер Жаннұр Момыш.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Мәуе Сейдалиеваның айтуынша, жергілікті өкілетті органдар салық мөлшерлемесін қызмет түрі мен нысанның орналасуына қарай 50%-ға дейін көтеруге немесе төмендетуге құқылы. Біздің өңірде мөлшерлеме 4%-дан 2%-ға төмендетілді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жеке салық режимі көзделген. Рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі 40 бағытты қамтиды. Басты шарт – жалдамалы қызметкерлердің болмауы және айлық табыстың 300 АЕК-тен аспауы. Бұл жағдайда бірыңғай мөлшерлеме 4% және ол тек әлеуметтік төлемдерді ғана қамтиды.
«Мұндай кәсіп түрі жеке табыс салығынан босатылады. Өзін-өзі қамтығандарға ЖШС немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет емес. Жалғыз талап – табыстың 4%-ы көлемінде әлеуметтік төлем енгізу. Оның 2%-ы – міндетті зейнетақы жарналары, 1%-ы – әлеуметтік аударымдар, 1%-ы – медициналық сақтандыру. Барлық процестер мобильді қосымша немесе интернет-платформалар арқылы жүргізіледі. Олар чектерді автоматты түрде қалыптастырып, кірістерді есептеп, қажетті есептеулерді орындайды», дейді Мемлекеттік кірістер департаменті басқарма басшысы Гүлсара Қарымсақова.
Оңайлатылған декларация және бөлшек сауда салығы бір режимге айналды. Негізгі талаптар сақталады, бірақ енді оны жылдық кірісі 600 мың АЕК-тен аспайтын, яғни шамамен 2,5 млрд теңге болатын кәсіпкерлер қолдана алады.
«Арнайы салық режиміне көшу 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін, 1 қаңтар мен 1 наурыз аралығында жүргізіледі. Қазіргі таңда мобильді қосымша арқылы жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер өздерін жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шығарып тастауы керек. Тіркеуден шыққаннан кейін мұндай азаматтар қосымшада алғашқы чек қалыптасқан күннен бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде танылады», дейді Мемлекеттік кірістер департаменті басқарма басшысы Гүлнар Исаева.