Қоғам • Бүгін, 17:32

Қайтыс болған донор 4 адамға өмір сыйлады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда 4-клиникалық аурухана базасында көп ағзалық донорлық үдеріс өтті. Бұл туралы Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық мәлім қылды, деп жазады Egemen.kz. 

Қайтыс болған донор 4 адамға өмір сыйлады

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

4 адамның өмірі сақталды

Донор 1967 жылы туған ер адам. Оған дәрігерлер мидың өлімін белгілеген. Отбасының келісімі арқылы одан жүрек, бауыр және 2 бүйрек алынды:

- жүрек 1967 жылы туған пациентке қондырылды («Кардиология және ІА ҒЗИ» АҚ);

- бауыр 1967 жылы туған пациентке трансплантатталды («А.Сызғанов атындағы ҰҒХО»);

- оң бүйрек – 2006 жылы туған реципиентке («А.Сызғанов атындағы ҰҒХО»);

- сол бүйрек – 1990 жылы туған пациентке («А.Сызғанов атындағы ҰҒХО»).

Күн сайын 1 адам көз жұмады

Сала министрлігінің мәліметінше, ел бойынша күту парағында 4521 пациент, оның ішінде 106 бала тұр. 2025 жылдың алғашқы 10 айында ғана өлім салдарынан тізімнен 272 адам (күн сайын 1 адам) шығарылған.

2025 жылдың 12 айында қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан тек 14 донорлық процесс жүргізілді, оның барысында өмірлік маңызды ағзаларды 60 трансплантаттау жүзеге асырылған.

Ағзаларға қажеттілік өте жоғары

Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Ситқазиновтің айтуынша, әрбір донорлық жағдай – бұл дәрігерлердің, үйлестірушілердің, зертханалардың, санавиацияның және процеске бірнеше минут ішінде енгізілетін барлық қызметтердің бірлескен зор жұмысының нәтижесі.

«Бірақ бастысы – донор отбасының шешімі. Олардың батылдығының арқасында бүгінде өз мүмкіндіктерін жылдар бойы күткен адамдар өмір сүріп жатыр. Статистика көрсеткендей, Қазақстанда ағзаларға қажеттілік өте жоғары. Мыңдаған пациент трансплантаттауды күтуді жалғастырып жатыр және біз күн сайын дерлік көмектесе алатын адамдардан айырыламыз. Сондықтан әр құтқарылған пациент – жай ғана медициналық жеңіс емес, қайта оралған адам өмірі», дейді Айдар Ситқазинов.