Жастардың құқықтық мәдениетін арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыруды мақсат тұтқан жиынға мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Форумның ашылуында Абай облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов қатысушыларға сәттілік тілей отырып, аталған іс-шараның қоғамдағы маңызын айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек», деп атап өтті. Бұл міндеттің табысты орындалуы жас ұрпақтың бойына адалдық, жауапкершілік және азаматтық мәдениетті сіңіруге тікелей байланысты. Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуын тежейтін қауіпті құбылыс. Оның ең тиімді қарсы шарасы – алдын алу, яғни сананы өзгерту және білім беру арқылы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру. Бүгінгі форум – осы мақсатқа бағытталған маңызды бастаманың бірі», деді басқарма басшысы.
Форум қатысушылары қоғамдағы адалдық, әділеттілік және жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Абай облысының Білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков, Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков, жастар белсендісі Қуаныш Молдақашев және Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің студенті Назерке Кадекова жастарға арналған жаңа профилактикалық бағдарламаларды таныстырып, өз көзқарастарын білдірді. Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков білім орнындағы адалдық қағидатын нығайту жөнінде атқарылып жатқан жұмыстарын таныстырды.
«Университет тарапынан адалдық қағидатын қалыптастыру мақсатында студенттеріміз өздерінің тың идеялары мен жобаларын ұсынып келеді. Бұл бастамалар жастардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, академиялық адалдық мәдениетін нығайтуға зор үлесін қосуда. Соның нәтижесінде біз оқу орнында жаңа бағыттарға бет бұрып, ашықтық пен әділдікке негізделген ортаны қалыптастыруға мүмкіндік алып отырмыз», деді ректор.
Тағы бір маңызды бағыт – өңірде жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы. Бұл бағдарлама мектепке дейінгі кезеңнен бастап құқықтық сауаттылық, азаматтық жауапкершілік және әділдік принциптерін қалыптастыруды көздейді. Қазіргі таңда аймақта 286 мектепте 7 375 оқушыны қамтитын «Адал ұрпақ» клубтары, сондай-ақ 30 студенттік клубта 490 студент жұмыс істейді.
«Біздің басты міндетіміз – жас ұрпаққа жауапты азаматтық қасиеттерді сіңіріп, оларды адал және құқыққа құрметпен қарайтын азаматтар ретінде тәрбиелеу. «Адал азамат» бағдарламасы мектептен бастап құқықтық сауаттылық, әділдік пен адалдық принциптерін қалыптастыруға бағытталған. Құқықтық мәдениет жүйелі түрде енгізілген жағдайда, оқушылардың құқықтық сауаттылығы артып, мектептегі тәртіп деңгейі нығаяды, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті қалыптасады, әділдік, адалдық және жауапкершілік құндылықтары оқушылардың мінез-құлқының негізіне айналады», деді Бауыржан Ердембеков.
Абай облысы