«Менің ағаларым». Халқымыздың мақтаныштарын, ғылым-білімі мен әдебиет-өнерінің асқар таудай биік-биік тұлғалары – автордың тонның ішкі бауындай аралас-құралас болған, тумаса да туғандай бір-біріне қадір-қасиеттері артқан жандар. Кітап авторы – мемлекет, қоғам қайраткері, академик Мұхтар Құл-Мұхаммед. Кейіпкерлері: халқымыздың ғылымы мен мәдениетінің негізінен ХХ ғасырдағы бір-бір тау-тұлғалары, есімдері алдағы ғасырларда да мақтанышпен аталатын һәм ешқашан ұмытылмайтын біртуарлар. Жинаққа топтастырылған көбі жеке-жеке кітаптың жүгін көтеріп тұрған эсселердің шағындау нұсқалары түгелдей «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланғанда-ақ бәрін де оқығанбыз. Ең алдымен автордың кейіпкердің ғұмырнамалық жолын айтқан кезде оқырманына «Мынау қалай?» дейтін күдік-күмән қалдырмай, ұңғыл-шұңғылын, қалтарыс-бұлтарысын түгендеп, үңги түсіндіретін зерттеушілік қабілетіне бұрыннан тәнті едім, мына белжемді кітап көзді одан әрі жеткізе түсті. Әрине, нағыз зерттеуші болу үшін өзіңді жетектеп отырар терең білімің болу керек. Кітапты оқыған кісі Мұхтардың тарихты, әр кезеңнің, әр жұрттың, мемлекеттің саясатын, мәдениеті мен өнерін, тіпті қасиетті «Құран», көктен түскен төрт кітап «Інжіл», «Тәурат», «Зәбүрге» дейін жан-жақты зерттегені байқалады. Оның екі тілде де мүдірісті білмейтін шешендік, жазғанда да стильдік ақауларды жібермей, кідіріссіз қағазға «төгіп» түсіретін қасиетін көзі қарақты оқырман да, талғамы биік көрермен де жақсы біледі.
Бір кісілерді өзіңнің жақсы көріп жүруің көбімізде бола беретін қасиет, ал өзіңнің ел құрметіне бөленуің, бұл – Жаратқанның кім көрінгенге бере бермейтін сыйы. Мұхтар Абрарұлына осы қасиетті Жаратушы сыйға берген. Өйткені ұсынсаң қолың жете бермейтін тым биіктегі бедел иелерімен жай ғана таныс емес, қимас досқа, ініге айналып кеткенінің талай куәсі болғанмын.
Академик Манаш Қозыбаев туралы былай деп жазады: «Қашанда талантқа бай халқымызда ғалымдар аз болған емес, ғылыми қызметкерлер одан да көп, ал ғұламалар сирек... Ғұлама біткен дүниауи тірліктен ада, жан мен тәні тек тазалықтан, тұнықтықтан тұратын жан болмайтын ба еді. Академик Манаш Қозыбаев та сондай кіршіксіз сезім иесі болып өтті дүниеден».
«Менің өмірімдегі ең зор бақытымның бірі – жас кезімде-ақ алдымнан үнемі С.Зиманов, М. Қозыбаев, Ж. Әбділдин сияқты ұлтымыздың ұлы перзенттері, айрықша ақыл-парасат иелері шығып, қолтығымнан демегені, ағалық мейірін төгіп, ұстаздық қамқорлықтарын жасағаны деп білемін...»
«Құлағанда қолтықтан демеген, қиналғанда қол ұшын берген, сенген, сенімді інім Мұхтарға! Ұрпағыңа нұр жаусын!» деген қолтаңбамен ағаның (Р. Нұрғалиевтің) «Сырлы сөзі» менің кітапханамның төрінен орын алды...»
«Мен Зекеңмен (Зейнолла Қабдоловпен) талай мәрте ұстаз бен шәкірт, аға мен інідей ақтарыла әңгімелесу бақытына ие болған жанмын».
«Ол (Шот-Аман Уәлиханов) үлкенге – іні, кішіге – аға, алысқа – жақын, ағайынға – бауыр бола біледі. Өзгені де сыйлап, өзін де сыйлата білді...»
Осынау мысалдардан-ақ кітап авторының ағаларына іні бола біліп, оларды өзі де жан-тәнімен сыйлап, өзін де сыйлата білгенін байқау қиын емес.
Осындайда әзіл-қалжыңы мол жазушылар арасынан аңыз болып, таралып жататын бір сөз еске түседі. Ақын Хамаң, Хамит Ерғалиев Зейнолла Қабдоловтан: «Әй, Зеке, осы мен қандай ақынмын?» – деп сұрапты дейді. «Сізде жалғыз ғана кемшілік бар, Хама» деген Зекеңнің сөзіне «Ол қандай кемшілік?» деп зілдене сұрақ қойса керек. Сонда ақынның іні досы: «Сіздің жалғыз кемшілігіңіз – жаман өлең жаза алмайтыныңыз», – деп ақын ағасының ашуын басып, көңілін тыныштандырыпты деседі. Мұхтар Абрарұлы мен білгеннен қанша дүниесін оқып жүргенде, көңілден шықпады дейтін өз деңгейінен олқы соққан жазбаларын оқып көрмеппін. Зейнолла ағамыз айтқандай, жаман дүние жаза алмайды. Не жазса да төрт аяғын тең басқан, әбден зерттеліп, алдынан да, артынан да, оңынан да, солынан да «Бұл қалай?» дейтін сауал қойдырмай, күдік-күмәнға саңылау, сызат қалдырмай қағаз бетінде сөйлетеді.
«Менің ағаларым»» кітабына топтастырылған ғұламалар мен Қасым, Рақымжан сынды қос батыр ағаларына арналған эсселерінің көбі түп-тұқияннан бастайтын шежірелерін тізіп, сол кезеңдегі тарихи, тіпті саяси оқиғалары мен оқиғаға қатысы бар адамдардың іс-әрекеттеріне дейін ұмытпайды.
«Менің ағаларым» сериясымен жазылған эсселер туралы кезінде қазақтың арқалы ақын қызы Фариза Оңғарсынова: «Мұхтардың Қалтай Мұхамеджанов, Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Зейнолла Қабдолов секілді ұлтымыздың айтулы тұлғалары туралы «Менің ағаларым» атты жалпы тақырыппен роман-хикаятқа бергісіз бірнеше эссе-толғаныстары – жан-жүрегіңді жаулап, ұйқыдағы сезіміңді сергітетін дүниелер», деп көптің көкейіндегі сөзді жазған еді. Он бес эссенің көбі жеке кітаптың жүгін көтеріп тұрған көлемді шығармалар. Әсіресе Манаш Қозыбаев, Салық Зиманов, Рымғали Нұрғалиев, Төрегелді Шарманов, Камал Смайылов, Қалтай Мұхамеджанов, Темірбек Қожакеев, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Өмірбек Жолдасбеков, Шаһмардан Есенов сынды академик ағалары, Шот-Аман Уәлихан, Мұрат Әуезовтей өнер, ғылым адамдары және әкесі абыз Абрар қария туралы шығармаларын зерттеуі келіскен ғылыми еңбектер деп бағалау ләзім.
Ол кісілер белгілі бір кезеңде қайда болғаны, қандай шаруа бітіріп, қандай күй кешкенін білгісі келсе, сауалдарының жауабын осы кітаптан табуға болады дер едім.
Жинақтағы Мұхаңның «ағалары» туралы көктей шолып, кейбірін айта отырайын.
Мұхтар Абрарұлының университет бітіргеннен кейінгі үлкен өмірге араласқан ортасы «Қазақ кеңес энциклопедиясы» екен. Еңбек жолын сәтті бастауға қамқорлық жасаған академик Манаш Қозыбаева ағасы болыпты. Жүрегі аттай тулап тұрған жас маманға «тарихқа қиянат жүрмейтінін» үйретіп, тәрбие берген ұстаз. Қазақ тарихының алтын қайнары шежіреден басталатынын жадына тоқыған Мұхаң эсселерінің көбін кейіпкер шежіресінен бастайды. Оның дәлдікті, нақтылықты талап ететін, жел сөз, қызыл сөз дегендерді білмейтін энциклопедияда қызмет істеу, кітап авторына үлкен бір мектеп болғаны анық.
«Биіктікті еңсегей бойлы ерлердің тұлғасымен өлшеген халықтың ұғымында бұл «асқар тау», «көк аспан» деген мағынаны береді және бұл Зимановтай нар тұлғаның болмыс-бітіміне жарасып-ақ тұр...», деп автор қойылған тақырыптың кейіпкер болмысына дәл келетінін ескертіп алады да, академиктің жаратылыс-тұлғасын былай деп дәл сомдайды: «Сәтбаевтай даналардың серігі болған Салық аға бір қарағанда тәкаппарлау болып көрінгенімен, пернесін тап басқан жағдайда хан мен қарашаның қолында бірдей күмбірлеп қоя беретін қоңыр домбырадай қарапайымдылығы басым...» Мұны сөзбен жасалған сурет десе болар. Айтып-айтпай өте көлемді бұл шығармада Мұхтар Салық ағасының заңгерлік қана емес, туған халқын сүйіп, оған аянбай қызмет істеудің, сол жолда кездескен кедергілерді мұз жарғыш кемедей бұзып өтер принципшілдік, кісілік қасиеттерін айқара ашып көрсеткен әрі көркем, әрі ғылыми еңбек деген жөн болар. Өзі ғана емес, сонау Алаш алыптарынан бастап қазірге дейінгі айналасындағы ғылымдағы, өмірдегі жақсылы-жаманды адамдар мен пенделер туралы да көп шындықтың бетін ашады.
Еліміз егемендік алар тұстағы Салық ағамыздың еңбегі ерен-ақ. Егемендік декларациясын даярлап, қабылдау кезіндегі керітартпаларға қарсы шайқасын жауға қарсы жалғыз шапқан қас батырға ұқсатуға болар.
Бұл туынды жалғыз заңгер ағасының жай-күйі ғана емес, үлкен төңкеріске дейінгі, кейінгі бүкіл жұртшылықтың, әсіресе, ашаршылық нәубетінің, одан кейін жеткен репрессияның зардаптарын тарту сияқты үлкен тарихтың бір бөлігін қазақ зиялылары көрген тауқыметі арқылы айтады.
Өзі ғылыми ортадан шыққан автор «Менің ағаларымда» ғалымдарға мол орын берген. «Арыстан» эссесінде академик Өмірбек Жолдасбековтің бейнесін: «Тастан қашап жасалғандай кесек тұлға, арыстанның жалындай бұйраланған қою қара шашпен көмкерілген қазандай үлкен бас, құлжа мойын, келістіре пішілген кең иық, қай жаққа бұрылса да сом денеге өршелене жол салатын өрдеш төс және бұған бұдырайған екі шеке мен үнемі күреңітіп тұратын дөңгелек жүзді қосар болсаңыз, азаматтың арыстаны осындай-ақ болар дейтін адамның келбеті келмей ме көз алдыңызға. Басқаны қайдам, оны өз басым ең алғаш көрген 1977 жылы дәл осылай кейіпте қабылдап, ойыма оралған сайын дәл осындай күйде көз алдыма елестетемін», деп көркем шығарма тілімен сомдап алған соң біртіндеп аңызға айналған ректор атқарған игілікті істерді тарқатуға кіріседі.
«Менің ағаларымда» көркем прозаға тән әдеби әдістер жиі қолданылған. Драматург Қалтай Мұхамеджанов туралы эссе: «Тізесіне бір құшақ гүл толтырған мәрмәрдан қашалған ескерткіш-бейне өмір-театрдағы қым-қуыт тірліктің қам-қарекетінде жүрген алуан-алуан пендені ар-ұят таразысына тарту үшін жазылған «Көктөбедегі кездесудің» премьерасында отырғандай әсер қалдырды. Алға ұмтыла бере тас бейнеге тағы бір көз тастадым. Жүзінде әлдебір жұмбақ жымиыстың болар-болмас табы бар екен...» деп аяқталады. Драматург туралы эссенің дәл осылай аяқталуы оның табиғатына әдемі үйлесіп тұр.
Кітаптың бел ортасына «Жаужүрек» деп, «Бүгінгі әңгіме жау ордасына тігілген тудан қазақ қаһармандығына мәңгі өлмес ескерткіш қойған жаужүрек батыр Рақымжан Қошқарбаев...» пен «...түбі бір түркі жұртының алтын бесігі қарт Алтайдың ең бір көрікті, келісті жерінде дүниеге келген... Алтайдың алып жартасындай Қасым ағаға...» «Қаһарман» деген тақырыппен арнау эсселерін беріпті.
Халқымызда қай заманда болса да елі, жері үшін жанын қиюға даяр тұратын батырлар көп болған ғой. Автор соңғы ғазауат майданда көзсіз ерлік көрсеткен Рақымжан Қошқарбаев пен атақты партизан Қасым Қайсеновке келісті сөз арнапты.
Кеңес әскерлері сауғалаған «Гиммлер үйі» мен Рейхстагтың арасы небәрі 360-ақ
метр жер болса, оған жер бауырлап Григорий Булатов екеуі жандарын шүберекке түйіп жеткенше 7 сағат уақыт өтіпті. Жау ордасының орталық ұясының терезесіне қызыл туды бұлар бірінші болып тіккенмен, соңынан бұл ерлікті жасағандар бір орыс пен бір грузинді әспеттеп, қолдан қаһарман жасайды. Рақаң соғыстан кейін де елге келіп, қазақы қанағатпен жүре берген ғой. Бұл ерлікті қаһармандардың қаһарманы Бауыржан Момышұлы естіп, журналист-жазушы Кәкімжан Қозыбаевқа тапсырып, газеттер арқылы жалпақ елге жар салдырады. Оның ерлігі туралы сол кездегі майдандық газеттер жазған екен. Сөйтіп, Одақ бойынша ерлік кешігіп мойындалады. Автор бұл шығармасында да кеңінен толғап, оның бүкіл тарихын жария етеді.
Ал Қасым ағаның ерлігін өзінің шығармалары арқылы және ол жайлы баспасөздерде жарияланған материалдар арқылы жұрт жақсы біледі. Дегенмен де кітап авторы екі батырымыздың да неліктен кеңестік батыр атағын ала алмағандарын уақыт саясатының құрбандары ретінде дәлелдейді.
Қасым аға сексен жасқа толған 1998 жылғы мерейтойында Мұхтар Абрарұлы «Атамұра» баспа корпорациясының президенті ретінде құрметтейтін ағасына ерекше сый жасағаны есте. Республика сарайының сахнасына күмістеген ер-тұрманды ақбоз арғымаққа мінгізіп, қолына алмас қылыш ұстатқаны, иығына шапан жапқаны бар. Баспа қызметкері ретінде батырдың қолтығынан демеп, ауыздығымен алысып тұрған ақбоз арғымаққа мінгізгенім және інісінің тартуына риза болған ағасының көңілді жүзі әлі есте.
Мұхаң оған дейін де кәсіпкерлердің алды болып, айтыс, қазақша күрес сияқты ұлттық өнер, спорт түрлерінің өрісін кеңейтіп, қанат жаюына неше дүркін демеуші болғанын жұрт ұмыта қоймаған болар.
«Менің ағаларым» топтамасына атап өткенімізден бөлек, әр эсседе сол кезеңдегі оқырманға қажетті тарихи, саяси деректер молдап қамтылған. Айталық, Салық ағасының өмір жолына үңіле отырып, оның өміріне қатысы бар оқиғалар, жақсылы-жаманды айналасында болған адамдар туралы кеңінен тоқталады. Бүгінгі күн, қазіргі уақытпен жалғасып жатқан тарих деуге болар.
Мұхтардың әкесі Абрар Құл-Мұхаммед ақсақал «Асылзада» атты бұл шығарма кезінде жеке кітап болып жарық көрген. Бұл шығарманы оқығаннан кейін «Әрбір ұл әке алдындағы перзенттік парызын осылай орындаса ғой, шіркін» деген ой келеді.
Бес ұл, бес қызды өсіріп, жеткізіп, бәріне жоғары білім беріп, одан бұрын кісілік, имандылық атты тәрбие берген Абрар ақсақал мен Гүлғасыл апамыздың өмір жолы, асыл бейнелері кімге де болсын үлгі-өнеге боларлықтай.
Дастарқандарынан дәм татып, әңгіме құрған кісі ретінде Әбағаң туралы ойыма біржола орныққан өз пікірім бар. Бірер мысал. Мерейтойында ұлдары әкелеріне «көлік алып берейік» десе, «Мен елден ерек көлік мініп, көлбеңдей алмаймын. Ақшаларың көбейіп бара жатса, ауылдағы үш қабатты емханаға жеделсаты орнаттырып беріңдер. Қариялар риза болсын» деуі немесе ауылдағы мектепке қамқорлық жасатуы...
Бірер дүркін әңгімеден кейін-ақ бәрін де кеңінен пішіп, келісті пікір айтар нағыз қадірлі қарттыққа жеткен абыз ақсақал екеніне көз жеткен.
Ал оның перзенті Мұхтардың бұл кітапта «Менің әкем олай да, былай деп мақтамай, бүкіл түп-тұқиянынан бермен тартып, шежірелейді. Әке жақсылығын әрекеті, іс-қимыл, әңгіме-дүкен арқылы көрсетеді.
«Менің ағаларым» өзіміз жиі араласқан, өмірден өткеніне көп бола қоймаған Мұрат Әуезов туралы «Жолаушымен» аяқталады. Бұл көлемді эссені «Қазақ әдебиеті» газетінің бірнеше нөмірінде «Қайсар рухты ғазиз жан», «Алтын баладан – алып эпопеяға», «Аласат соңы – сабағат», «Қоңырдың» күзі» атты үзінділері арқылы рахаттана оқып шыққанбыз. Автор кейіпкерінің өмір жолын оның ата-анасының таныс-білістігінен бастап бүгінгі күнге дейін тірліктің сан алуан сынақтарынан өткізіп, нақты деректермен әдіптеп, көркем шығарма деңгейіне жеткізе баяндаған.
Бұл күнде де баспалардан жаңа кітаптар көп шығады, алайда оқырман көңілінен дөп шығатын жақсы кітаптардың тым сирек екені де шын. «Менің ағаларым» – қазақ тарихында өшпес із қалдырған тау тұлғалы ағалар рухын тірілтіп қана қоймай, оны одан әрі биіктете түскен білімді, білікті кітап.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты