Аймақтар • Кеше

Жетісуды большевизм елесі кезіп жүр

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінде Лениннің ескерткішіне әлі де табынатындар бар. Социалистік идеяның көсемдері Карл Маркс пен Лениннің мүсіні ауыл-ауылдарда қасқайып тұр. Халық қанша шағым айтса да, жергілікті әкімдік мәселенің шешімін таппай отыр.

Жетісуды большевизм елесі кезіп жүр

Әуелгі әңгімені Көксу ауданынан бас­тайық. Тарихы терең, табиғаты көркем, талай тұлғаны түлеткен қасиетті өлке бұл. Алайда осы өңірдің Мәмбет ауылына барған жұрт бір сәт уақыт кері айналып кеткендей әсер алады. Өйткені ауылдың қақ ортасында большевиктер көсемі Лениннің тас мүсіні сол күйінде тұр. Егемендік алғанына отыз жылдан асқан елдің төрінде кеңестік идеоло­гия­ның символы қалқиып тұруы тәуелсіздік талаптарымен қаншалықты үйлеседі?

Мәмбет – ынтымағы бекем ауыл. Бірақ кеңестік дәуірдің көлеңкесі іспетті ескерт­кіш ел еңсесін басып тұрғандай. Жаңаруға ұмтылған қоғамның қадамына қабыспайды. Уақыт өзгерді, сана өсті, та­рих­тың таразысына салатын кезеңге жеттік. Алай­да ауылдың ортасында тұрған мүсін сол дау­лы дәуірдің бел­­гісіндей қатып қалған.

Осы ретте Лабасы ауылдық округінің әкімі Тимур Кешуов болса, тұрғындардан шағым түспегенін алға тартады.

«Наразылық білдіргендер жоқ. Жұрт ортақ шешімге келсе, қарастырамыз», дейді әкім. Ал ауыл ақсақалдары бұл мәселені кешеуіл­детуді емес, елдік санаға сай нақты шешім қабылдауды құп көреді. Ақсақалдар алқа­сының төрағасы Бақыт Уәлиев: «Рұқсат етілсе, оны өз күшімізбен-ақ алып тастаймыз. Шамамен 10 тонна болатын ауыр мүсін. Оған батылы бармай жүргендер бар, бірақ одан не өзгереді?», дейді қария.

Көксу жерінде Алаш арыстарының, ұлт азаттығы жолында күрескен тұлғалардың бейнесі асқақтауы керек емес пе? Тәуелсіз­­­­дік­тің қадірін арттырып, ұрпаққа үлгі болатын да – солардың тағылымы. Ленин мүсініне гүл қоюдан гөрі, Алаш рухын асқақтатқан ерлерді ұлықтау әлдеқайда маңызды. Бұл мәселеге орай Көксу ауданы әкімінің орынбасары Абзал Зейнулда да пікір білдірді.

«Ресми өтініш түскен жоқ. Арамызда ком­мунист болып еңбек еткен ағалар бар, олар­дың еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Жыл сайын ескерт­кішке гүл қою дәстүрі де бар. Сон­­­дық­тан бәрі өз уақытымен ше­шіледі», деді ол.

Сананың жаңаруы уақыттан қалыс қал­­мау­ға тиіс. Тарихтан сабақ алу маңызды. Сабақ алу үшін өткеннің ескерткішін сақтап отыру шарт емес. Ең бастысы – тәуелсіз елдің рухын биіктету. Бұған дейін Мәмбет ауылындағы ескерткіш туралы қаншама әріп­тесіміз жазғанымен, жабулы қазан жабу­лы күйінде қалды. «Ендігі үміт – «Egemen Qazaqstan» газетінде», дейді өңір тұрғындары.

Ал Қаратал ауданының орталығы – Үштөбе қаласының дәл қақ төрінде де Ленин мен Маркс мүсіні қасқайып тұр. Бірі – бізді бодандықта ұстаған идеологияның көсемі, екіншісі – сол жүйенің рухани тірегі. Сонда біз Тәуелсіз елміз деп отырып, солардың тас мүсінін не үшін әлі күнге сақтап келеміз?

Үштөбе – жаңғырып, жаңаша тыныс алып келе жатқан қала. Ал дәл орталықта тұр­ған ескерткіштер өткеннің елесіндей, тәуел­сіз санаға түскен салқын көлеңкедей әсер қалдырады. Халықты қынадай қырған кезең­нің көсем­дерін ұлықтау – азаттық рухына қайшы. Біз, керісінше, азаттық жолында құрбан болған тұлғаларымызды ұлық­тауға тиіспіз. Осы мәселеге байланыс­ты Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Айбек Оңғаров былай деді:

«Ол екі мүсін саябақ аумағында орна­­ласқан. Саябаққа жөндеу жұмысы жүргізілген кезде ескерткіштер міндетті түрде алынып тас­­­­­­­­талады. Арнайы техника жұмыл­дыры­­­лады».

Демек мәселе күн тәртібінде тұрған тәрізді. Ендігісі – уәденің іс жүзінде орындалуы. Өйткені тәуелсіз елдің болашағы өз болмысын дәріптегенде ғана жарқын болады. Ендеше, Алаш арыстарының күрескерлік жолын насихаттап, өмір сүруіміз керек. Үштөбенің төрінде елге адал қызмет еткен тұлғаларымыздың бейнесі асқақтауға тиіс.

Лениннің мүсіні – тас бейне емес, қоғамның қандай жолға түсетінінің белгісі. Егер бұл қала әділетті қоғам құруды шын ниетімен қаласа, өткінші идеологияның мүсінінен арылып, қазақтың ардақтыларын ұлықтауға қадам басатын кез келді. Болашақ ұрпаққа үлгі болатын да, шаһардың келбетін айқындайтын да – өз батырлары мен өз тарихын құрметтеген елдің таңдауы.

Қаншама Алаш арысын жау көріп, қанға бояған, қазақ даласының тең жартысына жуы­ғын ашаршылық пен қуғын-сүргіннің құрбанына айналдырған большевизмнің елесі Жетісуда жүр. Ескелді ауданына қарас­ты Бақтыбай ауылында «Большевик» деп аталған сыра дүкені бар. Қасқайып тұрған атау аздай, сыртына КСРО-ның балғасы мен орағын іліп қойыпты. Іші тұтас қызыл түспен көмкерілген, төрінде коммунистік символдар самсап тұр. Мәселенің байыбына білмек болып дүкен иесімен тілдесуге барғанымызда, әлгі азамат ашулы кейіппен қарсы алды. Өзін толық таныстырғысы келмеді, бірақ телефонын көлденең ұстап, видеоға түсіре бастады. Кімді қорқытып, нені дәлелдемек – белгісіз. Үнемі келіп мазасын алған қоғам белсенділерінен мезі болған шығар? Әйтеуір, ашулы күйге бой ал­дырып, бейәдеп сөздерді де айтып қалды.

Жарайды делік, жүйкесі жұқарған болар. Оның үстіне ол азамат өз құқығын айтып таусылмады: демократиялық елде кімнің қандай дүкен ашуға еркі бар екенін жақсы біледі. Бұл рас, оның құқығын ешкім шектемейді. Бірақ мұндай еркіндік айналаға құрметпен ұштасуға тиіс. Қазақтың талай жарасын тырнап кеткен идеологияның символын ауылдың дәл ортасына ілу – тарихтың салмағын елемеу ғана емес, жергілікті жұрттың сезіміне де селқос қарау.

Ауыл әкімі Айдос Қасиев бұл дүкен туралы хабардар екенін айтты. Кәсіпкерді басқа жерге көшіруге әрекет еткендерін де сөз етті. Иесі қарсы емес көрінеді, бірақ сауда нүктесі орталықта болуға тиіс деген уәж айтады. Егер орталықтан орын табылса, ғимарат салуға да мүмкіндігі бар екен. Тек дүкеннің атауы қа­лай болмақ? Ол жағы белгісіз. Өйткені дүкен иесі ашулы күйінде нақты ойын айтудан тар­тыныпты.

Біз кәсіпкердің нәпақасына кедергі кел­тіруді көздемейміз. Бірақ атауының өзі адамды шошытатын нысанға қоғамның үрке қарайтыны – ақиқат. Бұл пікірді біз сөйлес­кен жиырмаға жуық тұрғын толығы­­мен құптады. Мәселен, Марат Батабаев арақ-шарап сататын нысанның мешіттің іргесінде тұруы мүлде орынсыз деп санайды. Ауыл белсенділері де бұған дейін дүкен иесіне сабырмен, бейбіт түрде басқа жерге көшіру қажеттігін түсіндірген. Бірақ нәтиже жоқ.

«Большевизм – қазаққа жақсылық әкел­ме­ген идеология. Атаудың орнын басар қазақы, көңілге қонымды атау жетеді ғой. Ауылдағы өзге ұлт өкілдерінің өзі дүкенін қазақша атайды, ал біз неге қайырымсыз қоғамның нышанымен қоштасқымыз келмейді?» дейді ауыл тұрғыны Алдаш Сейділханұлы

Қазаққа теңдік емес, қасірет сыйлаған әріде большевиктер, беріде коммунистер ұстанымы тәуелсіз елдің ұлттық идеология­сымен үйлеспейтіні айқын. Жетісу облысында идеологияның тізгінін ұстағандардың осыны түсінбейтіні қынжылтады. Әлде олар Президенттің Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» туралы маңызды құжаттан бейхабар болғаны ма?

 

Жетісу облысы