Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Кез келген аймақтың табиғатына, климатына қарай малдың да өз бабы, күйі болады. Мысалы, еліміздің оңтүстік-шығысында мүйізді ірі қараның бітімі әдетте ірі келеді. Қуаңшылық қысқан аймақтарда сиырдың тұрпаты шағындау болса, солтүстіктегі қысы қытымыр өлкелерде мал атаулы суыққа төзімді. Қазақ ақбас сиырының басты артықшылығы, кез келген климатқа жерсінетін қабілетінде. Жайылым талғамайтын қасиеті де бар. Ресми деректерден білгеніміз, қазақ ақбас сиыры тарихының бастауы шамамен 1930–1950 жылдармен тұспа-тұс келеді. Өйткені бұл тұқым 30-жылдары кеңестік республикаға жеткізілген герефорд бұқасымен қазақ, қалмақ сиырларын будандастыру нәтижесінде пайда болған. Герефорд XVIII ғасырдың соңында Англияда өсірілген. Әдетте бұқасының салмағы 900-1000 кг-ға дейін барса, сиыры 550-600 кг тартады. Содан болар, табиғатынан етті келетін қазақтың ақбас сиыры тұрпаты жағынан ерекшеленіп, бірден көзге түседі. Жайылым жайлы, жем-шөбі мол, күйі жақсы болса, жылдам ет жинайды.
Елімізде «Қазақ ақбас тұқымы» республикалық палатасы жұмыс істейді. Палата қазақтың ақбас сиырын көбейтумен, оның асылтұқым ретінде қалыптасқан қасиетін сақтаумен айналысады. Мал басын дерекқорда тіркейді, «асылтұқымды» деген мәртебе береді. Селекциялық асылдандыру жұмыстарын үйлестіреді. Жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін қорғайды. Палатаның директоры Бақтияр Өтелбаевтың айтуынша, егемендік жылдарынан кейін саны азайып кеткен қазақтың ақбас сиырын көбейтуге қазір дұрыс көзқарас қалыптасып келеді. Бірақ жұмысты мықтап үйлестіруге кедергі келтіретін себеп-салдар да жоқ емес.
«Кейінгі 15 жылдың шамасында еліміздегі аграрлық саясаттың мақсатты түрде дамып келеді. Мақсатты деп отырғанымыз, асылтұқымды мал өсіруге басымдық берілді. Нәтижесінде, етті мал шаруашылығында қазақ ақбас сиырының саны көбейіп, ет өндірісі ілгеріледі. Мал өнімділігін арттыру бағытында оң өзгеріс байқалды. Етті мал шаруашылығын субсидиялау, шаруаларға несие беру секілді мемлекеттік қолдаудың шапағаты тиді. Алайда кейінгі бірер жылда байқағанымыз, салаға көрсетілетін қолдаудың көлемі азайып, бұрынғы субсидиялардың бір бөлігі қысқарды. Бұл да болса ақбас сиыр шаруашылығына белгілі бір деңгейде әсер етпей қоймайды», дейді Б.Өтелбаев.
Асылтұқымды малдың статистикалық есебіне үңілсек, 1991 жылы қазақтың ақбас сиыры 1 млн 370 мың бас шамасында болған. Осы кезеңде елдегі ет бағытындағы сиыр саны 2,5 млн басқа жеткен. Оның ішінде ақбас сиырдың үлесі 55%-ды құраған. Ақбас сиыр саны жөнінен дәл осы кезеңде рекордтық межені бағындырыпты. Әрине, қазіргі жағдайды ол кезбен салыстыруға келмейді. Бірақ жағдай аса күрделі емес. Субсидияға қатысты шектеулер де нақты ақбас сиырға қолданылып отырған жоқ. Жалпы, ірі қара мал шаруашылығына қойылған талап. Үкіметтен малдың осы түрін өсіруге қолдау болмаса, жекелеген кедергі жоқ. Осының нәтижесінде қазір қазақ ақбас сиырының жалпы саны елімізде 730 мың басқа жетті. Оның ішінде 510 мың бас ірі қара асылтұқымды саналады.
Қазақ ақбас сиырының басқа ірі қаралардан артықшылығы, тек ет жылдам жинайтынында немесе жайылым талғамайтынында емес екен. Малдың сипаты туралы Б.Өтелбаев егжей-тегжей айтып берді.
«Ғылыми зерттеулер мен тәжірибе көрсеткендей, малдың осы түрі біздің табиғатқа, климатқа әбден бейімделген. Еліміздің қай өңірінде өсірсе де қасиетін жоғалтпайды. Шөл-шөлейт жайылымдарға шыдамды. Ыстыққа төзімді. Тірек-қимыл сүйек құрылымы мықты болған соң, ұзақ айдауға шыдамды, тұяғы берік. Аптап ыстықта тәулігіне 25–30 шақырым айдауға төзе алады. Ыстыққа бейімделген соң, қуаңшылыққа да оңай шыдайтын қасиеті бар. Мал негізінен дала өсімдіктерімен қоректенеді. Сөйте жүріп жайылымда салмағын шығынсыз сақтап қалады. Өйткені оның табиғи түрде тез май жинайтын қабілеті бар. Жайылымға, жем-шөпке талғампаз емес. Азығы құнарлы болса, бірден салмақ жинайды», дейді Б. Өтелбаев.
Жыл өткен сайын асылтұқымды мал асырайтын фермерлер көбейіп келеді. Солардың бірі – жас кәсіпкер Азат Рашидов. Instagram парақшасында 50 мыңға жуық оқырманы бар кейіпкеріміз өзінің жұмысын насихаттап қана қоймай, қазақ ақбас сиырынан көл-көсір пайда түсіруге болатынын айтудан жалыққан емес. Ақбас сиыр туралы кеңес сұрап келгендерге білгенін айтып, қолдау көрсетеді. Бірақ негізгі мақсаты бұл емес, ол бірінші кезекте қазақ ақбас сиыр тұқымын әлемге танытып, еліміздің мал шаруашылығына барынша мол үлес қосуды ойлайды. Орта жолда іркіліп қалғысы жоқ. Кәсіпкер қазірдің өзінде қазақ ақбас сиырының санын мыңнан асырған.
«Ауыл шаруашылығына дейін құрылыста еңбек еттім, кейін ет сатумен айналыстым, басқа да шаруалармен шұғылдандым. Еңбек нарығында өз жолымды табуға талпындым. Таңдаған мамандығым да қазіргі жұмыс бағытымнан алыс емес, мал дәрігерлігі болды. Екінші курсты тәмамдап жатқан тұста университеттен жеңілдік алып, жарты жылға жуық Жаңақала аудандық ветеринария стансасында еңбек еттім. Оқуымды табысты аяқтаған соң, 2017 жылды өскен өлкем Жаңақала ауданына оралдым. Айдархан елі мекенінде ірі қара мал өсірумен айналыса бастадым. Қазір қазақтың ақбас сиыры мен Мұғалжар жылқыларын өсіреміз. Жалпы, шаруамызды дұрыс жолға қоюға мемлекеттік бағдарламалардың көп көмегі тиді. Мүйізді ірі қара малдың ішінде қазақ ақбас сиырын таңдауымызға малдың қазақ даласына әбден жерсінгендігі, етті жылдам жинайтын қасиеті себеп болды. Оның үстіне кейінгі жылдары әлемде ғана емес, біздің елде де етке сұраныс жоғары», дейді Азат.
Ақбас сиырдың тағы бір артықшылығы, табынды қалпына келтіруде селекциялық жағынан қолайлы. Дене тұрқы мықты, бұлшықеті жақсы дамыған. Келте мойын, кең жауырын. Жаңа туған бұзауларының ішінде ұрғашыларының салмағы – 25–27 кг, еркегі 28–30 кг шамасында болады. Бұзауды сиырдан бөліп алар кездегі салмағы 250 кг-ға дейін жетіп қалады. Сиырлардың салмағы 500–570 кг шамасында, жекелегендері – 750–800 кг-ға дейін жетуі мүмкін. Сол секілді бұқалардың орташа салмағы – 850–950 кг, кейбір ірілері 1 тоннадан асады.
Арыға бармай-ақ қоялық, кейінгі екі-үш жылда сиыр етінің бағасы шарықтап кеткені сонша, жылқы бағасынан асып түсті. Ет бағасының бірер жылда дәл осылай екі есеге дейін қымбаттаған кезі болған емес. Бұл ретте елдегі фермерлерді немесе оншақты бас малын асырап отырған ауыл тұрғындарын кінәлай алмаймыз. Себебі баға қолдан қымбаттаған жоқ, мәселе экспортқа байланысты болып тұр. Бұл – бөлек тақырып. Айтпағымыз, дәл осындай қиын-қыстау кезеңде шетелден мал тасығанша, қазақ топырағына әбден жерсінген ақбас сиырлардың санын көбейтуге басымдық берсек деген тілекпен үндеседі. Қалай дегенде, етке сұраныс артып, баға құбылып тұрған мезгілде қоңды мал өсіргеннен пайдасы зор. Бір сөзбен, қазақ ақбасының тұқымын көбейтіп, өзге елдерге таратудың жақсы мүмкіндігі туып тұр.