Саясат • 06 Желтоқсан, 2025

Дақылды егуге лимит бекіту қажет

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістан облысында егінге қажетті суды тиімді бөлу мақсатында вегетация кезеңіндегі күтілетін су көлемін ескере отырып, ылғалсүйгіш дақылдарды егу лимиттері қайта қаралды.

Дақылды егуге лимит бекіту қажет

Премьер-министрдің орын­басары Қанат Бозымбаев Түркі­станда 2026 жылғы вегетация кезеңіне дайындық мәселе­леріне арналған отырыс өткіз­ді. Жиынға су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауыл шаруашы­лығы министрі Айдарбек Сапаров, су шаруашылығы ұйым­дары­ның, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары­ның, сондай-ақ аймақтың шаруа қожа­лық­тарының өкілдері қатысты.

Кездесуге қатысушылар келесі жылға арналған транс­шекаралық судың келу болжамдары мен алдағы суару кезеңінде су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету шараларын талқылады. Шаруаларға су тапшылығы қаупін азайту үшін су үнемдеу технологияларын енгізудің маңыздылығы мен ылғалды көп қажет ететін дақылдарды азайту қажет екені айтылды.

«Ашхабатта өткен Орталық Азия ел­дерінің Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында келесі жылы су келу көлемінің азаюы туралы болжам жасалды. Тоқтоғұл суқоймасының деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жету қаупі бар. Қазақстанның оңтүстігінде көктемнен бері жа­уын-шашын болған жоқ. Өкінішке қарай, бұл – аймақтың барлық мемлекетінде кездесіп отырған табиғи үдеріс. Осыған байланысты су үнемдеу технология­ларын белсенді түрде енгізу мен ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егу лимиттерін қайта қарау өзекті болып отыр. Жаңа лимиттер 2026 жылғы вегетация кезеңіндегі күтілетін 10 млрд текше метр су көлемін ескере отырып есептеледі. Бұған қоса лимиттердің сақталуы қатаң бақылауға алынады. Құқық бұзушылар кейін мемлекеттен мүмкін емес нәрсені талап етпес үшін барлық жауапкерші­лікті түсінуі керек», деді Қ.Бозымбаев.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Түркістан облысында алдағы вегетация кезеңінде күріш егілетін алқап 3,5 мың гектардан аспауға тиіс. Вице-премьер Ауыл шаруашылығы мен Су ресурстары және ирригация министрліктеріне, сондай-ақ Түркістан мен Қызылорда облыс­тары әкімдіктеріне жұмыс тобын құруды тапсырды. Олар екі аптаның ішінде облыстардағы су тұтыну лимиттерін анықтап, егіс алқаптарын лимиттерге сәйкес жоспарлап бекітуі керек.

Бұған қоса Қанат Бозымбаев Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Достық» трансшекаралық каналы бо­йына күріш егуге тыйым салу ұсынысын қолдады. Күрішті тек «Қызылқұм» каналының бо­йында 3,5 мың гектар алқапта су үнем­деу технологияларын қол­дана отырып өсіруге рұқсат етіледі.

Диқандарға ауылшаруа­шылық дақылдарын әртарап­тан­дыруға, көп су қажет етпей­тін құрғақшылыққа төзімді дақылдарды өсіруге ерекше көңіл бөлу ұсынылды. Бұл ауыл­шаруашылық өнімді­лігін арт­тыруға, азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге әрі шектеулі су ресурстары жағ­дайын­да ауылдық жерлердің тұрақ­ты дамуына мүмкіндік береді.

Суды үнемдеу мен заманауи суару жүйелеріне көшуге ынта­ландыру мақсатында ұңғы­ма­ларды бұрғылау, инф­ра­­құрылым тарту және су үнем­дейтін жабдықтар сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін көтеріл­ді. Егінге қажетті судың саралан­ған тарифі ен­гізілді. Су үнемдеу технология­ларын қол­данатындарға субсидия мөлшері 60%-дан 85%-ға дейін артты, ал қолданбайтындар үшін субсидия жыл сайын 10%-ға азаяды.

2026–2028 жылдарға арнал­ған жалпы трансферттер шеңберін­де су үнемдеу технология­ларын енгізуді әрі егінге қажетті су құнын субсидиялауды қолдауға бұрынғы үшжылдық кезең­мен салыстырғанда төрт есе көп қаражат бөлінді.

Бүгінде Түркістан облысында су үнемдеу технологиясы 82 мың гектар алқапта қолданылып жатыр, оның 18,7 мың гектарында жаңбырлатып суару, 63,3 мың гектарында тамшылатып суару жүйелері пайдаланылады. Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының есептеуінше, су үнемдеу технологиясын қолдану суды 20–30%-ға үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бюджеттегі микронесиелер ұсынады.

2026–2028 жылдары ауылды дамытуға 450 млрд теңге бөлу жоспарда бар, оның 68,7 млрд теңгесі Түркістан облысына ауыл кәсіпкерлігін кеңейту мен кооперативтерді дамытуға бағытталған.

Қанат Бозымбаев «Ауыл аманаты» жобасын қаржылық қолдау тетігі ретінде ғана емес, ауылды экономикалық жаңғыр­тудың маңызды құралы ретінде қарас­тыру керек екенін атап өтті. Келесі жылдан бастап ауыл­дық инфрақұрылымды қаржы­ландыру жалпы трансферттер арқылы жүзеге асырылады.

Осыған орай «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясындағы бар­лық инфрақұрылымдық бастама облыстар мен аудандардың даму бағ­дарламаларына нақты енгі­зілуі керек. 2026–2028 жыл­дарғ­а арналған жергілікті бюд­жет­терді жоспарлау кезінде әкімдіктерге өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштерінің төмендеуіне жол бермес үшін ауылдық инфрақұрылымды қаржы­ландыруды қамтамасыз ету жүктелді.