«Ғасырлар жаңғырығы» атты сән көрсетілімінде дизайнерлер табиғи материалдардан түрлі жас ерекшеліктеріне сай етіп әзірлеген киімдер топтамаларын ұсынды. Өнер музейінде ұйымдастырылған шеберлік сабағында Қырғызстаннан және Алматыдан келген ұлттық қолөнер мамандары құмыра жасау, жүннен бұйымдар дайындау сырмақ сыру мен кәдесыйлар дайындау, сүйек және теріні өңдеу бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Іс-шарадан соң ұлттық қолөнерді дамытуға ерекше үлес қосып жүрген шеберлер арнайы марапатқа ие болды.
Этнофестивальдің үшінші күні ұлттық спортқа арналды. «Салбурын» атауымен ұйымдастырылған іс-шара ипподромда жалғасты. Бұл жерге саятшылық өнерді насихаттап, құсбегілікпен айналысып жүргендер және тазы баптаушылар жиналды. Көкпар ұйымдастырылып, асық ату сайысы да өтті. «Жаппай көкпарға 50-ге жуық шабандоз қатысты. Олардың арасына аударыспақтан әлем және Қазақстан чемпиондары бар. Құсбегілік бойынша сегіз қыран, тазылар жарысына 20-ға жуық іріктелген тазы қатысып, Алға, Әйтеке би, Мәртөк, Шалқар аудандарынан келген командалар көзге түсті. Құсбегілік сайысында Ақмола облысынан келген Сейілбек Жақашев пен Бейсембек Мұхамедәлінің және Ақтөбе облысының тұрғыны Жанарбек Тайбасардың қырандары озып шықты», деді облыстық ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Азат Жөкен.
Сондай-ақ «Сыбаға» мейрамханасында ұйымдастырылған «Көнеден жеткен дәм» гастро-фестивалінде Ақтөбе облысының он екі ауданы ертедегі түрлі жоралғыларға қатысты дайындалатын тағам түрлерін ұсынды. Қазіргі заманда ұмытылған, бірақ салт-дәстүрге сай символдық мәні жоғары сый-сыбағалар дайындаған Ойыл, Ырғыз аудандарынан келген аспаздар үздік деп танылды.
Ақтөбе облысы.