«Ертіс орманы» резерватында қысқы табиғатқа және жануарлар әлеміне қамқорлық жасау жұмыстары үзіліп көрген емес. Қазіргі уақытта қысқы биотехникалық іс-шаралар аясында жануарларды азықпен қамтамасыз ету және аумақты бақылау шаралары жүргізіліп жатыр.
– Аңшылықтанушылар жабайы жануарлар үшін биыл 25 тонна шөп, 3000 дана бұтақ бумаларын, 600 килограмм тұз дайындады. Қыста жануарлар жүретін соқпақ жолдар анықталып, сол маңдағы ағаштарға азық ілінеді. Бұл тәсіл, әсіресе елік, бұғы, қоян секілді аңдар үшін тиімді. Резерват аумағында 61 арнайы азықтандыру алаңы бар. Қыста қар қалың болған уақытта, боран соққанда мұндай азық орындары жануарлардың қоректенуіне мүмкіндік береді, – деп хабарлады резерваттан.
Айрықша қорғалатын орман аумағында аңшылықтың барлық түріне қатаң тыйым салынған. Мұнда сүтқоректілердің 21 түрі, құстың 90, бауырымен жорғалаушылардың 3 және 32 жәндік түрі тіркелген. Орманды Қызыл кітапқа енген орман сусары да мекендейді.