Өнер • Бүгін, 07:45

Ұстазға арналған классикалық ән кеші

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордадағы Өнер орталығында ұлағатты ұстаз, белгілі әнші Перуза Арғынбаеваны еске алуға арналған классикалық ән кеші өтті. Өңір руханиятында өшпес із қалдырған өнер иесінің шығармашылық мұрасы ұлық­талған кеште сахнаға талантты әнші Әйгерім Алтынбек бастаған шәкірттері шықты.

Ұстазға арналған классикалық ән кеші

Қазанғап атындағы Қызылорда музы­калық колледжінде еңбек еткен Перуза Амангел­діқызы – талай жастың талабын ұштап, үлкен сах­наларға жол ашқан ұстаз. Дәстүрлі әуен ту тіккен өңір­де бүкіл адамзат өрке­ниетінің асыл мұрасы саналатын классикалық өнердің өркен жаюына үлес қосқан Перузаның шәкірттері халық­аралық, республикалық конкурстарда лауреат атанды. Ұлағатты ұстаздан тәлім алған қыз-жігіттер бүгінде елімізбен қоса шетелдерде де білім алып, әлем сахналарында өнер көрсетіп жүр.

Перуза Арғынбаеваның шығармашылығы мен өмірі туралы көрсетіліммен бас­талған классикалық кеш­те Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсі­лім Әмзе дирижерлік ете­тін симфониялық оркестр сүйемелдеуімен республи­ка­лық, халықаралық байқаулар­дың лауреаттары Гаухар Ахе­това, Айбек Хайролла, Ғазиза Жүсіпбекова, Ербол Мұ­ха­нов, Салтанат Мұратқызы, Ал­тынбек Арыстанбек, Фарида Бұлдановалар өнер көрсетті.

Ұстаз есімін жаңғыртқан кештің арнайы қонағы әлемдік опера сахнасын бағындырған талантты әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Алтынбек болды. Биыл Италияда өткен ХІ ха­лықаралық CLIP 2025 опера байқауында топ жарып, жақында ғана әлемге әйгілі Ла Скала театрында дебют жасаған Әйгерім Қазанғап атындағы музыкалық колледж­де Перуза Арғынбаеваның сыныбында оқыған. Классикалық бағыты да осы кезден басталып, ұстазы шәкіртін опера жанрындағы түрлі байқауларға қатыстырып, өнерін шыңдапты.

Әйгерім Алтынбек ұстаз рухына тағзым ретінде Дж.Пуч­чинидің «Турандот» операсынан Лиу ариясы мен басқа да әлем жұртына белгілі туындыларды орындады. Кешті барлық шәкірттері қосы­ла шырқаған «Ұстазым менің» әні түйіндеді. Жалпы, осы күні сахнадағы әрбір әуен­нен сағыныштың үні есіп тұрды.

Кеш барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасы бас­шысының орынбасары Қуа­ныш Жанұзақов, Перуза Арғынбаеваның әріптесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеулімжай Бо­табаев шәкірттері есімін жаң­ғыртқан өнер иесі жайында жү­рек тербетер естелік айтты.

 

ҚЫЗЫЛОРДА