Руханият • Бүгін, 08:15

Олжас Сүлейменов Нобель сыйлығына ұсынылады

60 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бір ізгі адамның ұшқыр ойының, шексіз қиялының жемісі бүкіл әлемге серпін беріп келе жатқанына бір ғасырдан астам уақыт болды. Нобель аталған бұл сыйлық қазір адамзат қоғамына өз саласы бойынша айтарлықтай үлес қосқан тұлғаларға беріледі. Осыған дейін беделді сыйлық экономика, химия, физика, әдебиет сынды көптеген саладағы үздік мамандарды марапаттап, олардың қоғамға қосқан үлесін жұртқа жария етті. Ал соның ішінде бейбітшілік саласы бойынша берілетін Нобель сыйлығы жыл сайын қоғамның назарын аударып келеді. Атының өзі айтып тұрғандай, бұл марапат жай адамға бұйырмасы анық. Себебі оны иелену үшін істеген ісің мен қоғамға қосқан үлесің бүкіл әлемдік ауди­торияда мойындалуы шарт.

Олжас Сүлейменов Нобель сыйлығына ұсынылады

Бейбітшілік үшін күресін тоқтатпаған...

Бір қызығы, өткенде ғана бірнеше мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трампты бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығына ұсынған еді. Бірақ нәтиже басқаша болып, венесуэлалық саясаткер Мария Мачадоның бағы жанды. Аталған сыйлық оған «Венесуэла халқының демо­кратиялық құқықтарын ілгері­ле­ту­ге қосқан үлесі үшін және диктатурадан демократияға әділ де бейбіт көшуге деген бастамашылық рөлі үшін» берілді.

Ал жақында әйгілі ақын Олжас Сүлейменовті еліміздегі «Байтақ» жасылдар партиясы бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығына ұсыну тура­лы бастама көтерді. Бастаманы партия төрағасы Азаматхан Әміртай көтеріпті. Оның айтуынша, Олжас Сүлейменовтің жаһандық бейбітшілікті нығайтуға және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі әлемдік деңгейде мойындалуға тиіс. Ақынның «Невада-Семей» қозғалысы аясындағы ерен еңбегі Семей ядролық полигонын жабуда маңызды рөл атқарғаны белгілі. Тарқатып айтсақ, Олжас Сүлейменовтің бастамасымен әлемнің бірнеше елінде тағы төрт ірі ядролық полигон (соның ішінде Невада полигоны да) жабылған. Осыларды ескере отырып, партия өкілдері Нобель комитетіне Олжас Сүлейменовтің кандидатурасын үміт­керлер қатарында қарастыру жөнін­де ресми өтініш жолдады.

«Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген хакім Абайдың тағылымына тоқталсақ, бұл – біздің ұлт үшін, қоғам үшін айтарлықтай жақсы бас­тама. Біріншіден, Олжас Сүлей­менов дүниежүзіндегі ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ерекше үлес қосты. Отаршыл саясаттың салқыны тиген туған халқының келешегі мен тағдырына ол ерте бастан алаңдады. Жерінің табиғаты мен ел-жұртын  қорғау жолында қарақан басын бәйгеге тігіп, туған елі алдында азаматтық парызын өтей алды. Екіншіден, бастаған қозғалысы көп өтпей нәтиже беріп, Невада полигоны жұмысын тоқтатты.

Астана Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитеті төрағасы Әлихан Байменов бұл бастама туралы былай дейді: «80-жылдардың аяғында Қазақстанда жалпыұлттық сипат алған үш қоғамдық ұйым құрылды. Олар – мәдениетте Қазақ тілі қоғамы, саясатта «Азат» және экологиялық бағыттағы «Невада-Семей» қозғалысы. Бұл қозғалыс өзі құрылуымен қатар Қазақстанның көп аймағында түрлі қозғалыстың құрылуына да септігін тигізді. Осы үш қоғамдық ұйымның құрылуы біздің ұлт өз ісін өзі меңгеруге дайындығының, егемендікке да­йын екендігінің және тәуелсіздікке ұмтылысының да жарқын дәлелі еді. Талай жылдар тұмшаланып келген азаматтық сезімнің оянуына қайта құру саясатының арқасында мүмкіндік туды. Бұрын өз ойын ашық айта алмаған және бойындағы күш-қуатын қоғамдық-саяси бағытта жұмсай алмай, қағажу көрген азаматтар осы қозғалыстар аясында жаңаша бағытта белсенділік көрсете бастады. Мен сонда «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайына қатысып, облыстық ұйымын құруға, сонымен қатар «Ұлытау» қозғалысының басшысы ретінде мақсаттары үндес бол­ғандықтан, «Невада-Семей» қоз­ға­лысының Жезқазған облыстық бөлім­шесін де басқардым. Біз «Невада-Семей» ұйымдастырған мазмұны ауқым­ды шараларға қатыстық. Соның біразы ерекше әсерлі және терең тағылымды болды. Мысалы, Сары­ағаштан бастап Қарауылға дейін Бейбітшілік маршы ұйымдастырылды. Әрбір елді мекенге бір-екі шақырым қалған тұста жаяулап, жолдың бойындағы ауыл­дарды аралап шықтық. Бұған жүз­деген мың адам қатысып, қоғамдағы азаматтық сезімнің оянуына серпін берді. Өзінің мақсатына сай әлемдегі бейбітшілік үшін күрестің жаңа деңгейге көтерілуіне, екі қарсылас державаның бірінде осындай жүздеген азаматтың бой көрсетуі жаһандық текетірес деңгейін әлсіретуге де ықпал етті. «Невада-Семей» қозғалысы, бір жағынан, қоршаған ортаның тазалығы, зиянды сынақтарды болдырмау мақ­са­тын­да күрес жүргізді, екінші жағынан, кең мағынасында жаһандық ауқымда бейбітшілік үшін күрестің жаңа формасына айналды. Тоталитарлық жүйеде өмір сүрген қоғамға азаматтық күрестің негізі бола білді. Бүгінде біз ядролық сынақтардың, ядролық технологияның тоқтатылғанын әлем­дік саясаттың үлкен жетістігі ретінде қабылдауға бойымыз үйренді. Бірақ осы Невада, Семей полигондары жабылғанға дейін қандай ахуал болғанын ұмытпау керек. Екі алып держава және басқа да ядролық қаруы бар мемлекеттер оқтын-оқтын сынақтар жүргізетін. Ал Қазақстанда 1949–1961 жылдар арасында жарылыстар тек жер бетінде өтетін. Яғни біздің халықтың бір бөлігі шын мәнінде тәжірибе үшін сол өңірде өмір сүріп жатқан секілді күй кешті. Ол зерттеулер адамға ядролық қару әсерінің статистикалық мағлұматы есебінде пайдаланылды. Бұл ақпарат құпия сақталды. Олжас Омарұлы болса, алғаш үндеу тастап, халыққа оның қатерін ашық айтты. Біздің халықтың басым көпшілігі сынақтардың қатерін де білген жоқ.

«Невада-Семей» қозғалысының басында Олжас Омарұлы тұруының да бір заңдылығы бар секілді. Себебі ол сол уақыттағы халықтың мұңын жеткізген көшбасшы, өзі философ-ақын еді. Екінші жағынан қарасаң, поэ­зиясында адамзаттың бейбітшілік үшін күресіндегі жауапкершілігі айқын сезіліп тұрды. Сол себептен де Олжас Сүлейменовтің Нобель сыйлығына ұсынылуы өте орынды деп санаймын. Бұл біздің халқымыздың бейбітшілікке ұмтылуының да жарқын көрінісі. Ядролық сынақтардан, қуғын-сүргіннен зардап шеккен, талай соғыста батырлары жаумен шайқасып, қаза тапқан халық әлемде екеу болса, соның бірі – біздің қазақ. Біздің ұлттың бейбітшілік үшін күресі, бейбіт саясатты қолдауы әлемдік сахнада биік деңгейде танылуға, мойындалуға тиіс».

Нобель бейбітшілік сыйлығының рөлі туралы да айта кеткен жөн шығар. Альфред Нобель өз өсиетінде бейбіт­ші­лікті насихаттауға ерекше үлес қосқан тұлғалар мен ұйымдарды марапаттау керектігін баса айтқан. Тарихи тұрғыда бұл сыйлық арналанып, демократия, адам құқы, гуманитарлық көмек және қаруды бақылау сияқты бейбітшілікке қатысты кең ауқымды салаларды қамти бастады. Аталған сыйлықтың басты шарттарын оқып көрсеңіз, Олжас Омарұлының еңбегі «Қаруды бақылау және қарусыздану: қаруды қысқарту және ядролық қару­дың таралуына жол бермеуге бағыт­тал­ған әрекеттер» деген тармағына сай келіп тұр.

 

Адамзатты апокалипсистен құтқару идеясын ұсынды

Қырғызстанның халық жазушысы, Тоқтоғұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Генрих Сенкевич (Нобель сыйлығының лауреа­ты) атындағы халықаралық әдеби марапат­тың иегері Сұлтан Раев атақты Олжас Сүлейменовті гуманизмнің символы деп таниды. «Дүниені рух күшімен, асқақ қайсарлығымен, жан-жүрегімен таныған Олжас Сүлейменов – бүкіл қазақ халқының ғана емес, бүкіл адам­зат­тың рухани лидерлерінің бірі. Ой алыптары қатарындағы ол – жырымен дүниені өзгерткен, сөзімен әлемді жаңғыртқан, ұлттық намысты, мақтанышты, дүние­танымды, сезімді, жігерді дүр сілкіндіріп оятқан ХХІ ғасырдың ұлы тұлғасы. Оның есімі шындықтың, әділдіктің, адамзаттық руханияттың символы ретінде тарих беттеріне алтын әріппен жазылды. «Невада-Семей» қозғалысы жер-жаһанды шарпыған алапат қатерге қарсы тұрып, адамзатты ядролық апаттан аман сақтап қалды. Адамзатты осы апокалипсистен қорғау идеясын ту етіп, Олжас Сүлейменов – адами миссиясын, планетарлық биік деңгейін айқын көрсеткен бірегей тұлға.

70-жылдары «АЗиЯ» кітабы арқылы тарихи ақиқатты, шындықты айту жолында ғұмырын бәйгеге тігіп, сол кездегі тоталитарлық жүйеге ашық қарсы шыққан Олжас Сүлейменов екенін тарих ешқашан ұмытпайды. Ол Отанды, жерді, елді сүюдің эталоны ретінде барша ұрпаққа асқақ отаншылдықтың, патриотизмнің үлгісін көрсетті. Олжас Сүлейменов – бір дәуір, ал дәуір дегеніміз – Олжас Сүлейменов. Біз оны адамдық, ақындық, рухани ерлігі арқылы талай буынды ұлы апаттан қорғап қалған ғасырдың Данкосы дер едік. Ол жүрегінің жарығын, нұрын адамзатқа арнады.

Бүгінде бүкіл адамзат оны әлемдік Нобель сыйлығының Бейбітшілік аталымына ұсынып отыр. Бұл Олжас Сүлейменовтің еңбегіне көрсетілген тарихи құрмет, тарихи баға, тарихи шындық деп білеміз. Олжас Сүлейменов – Бейбітшіліктің рухани елшісі!», дейді ол тебіреніп.

2021 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығын «Сөз бостандығын қорғаудағы күш-жігері үшін» журналистер Мария Ресса (Филиппин) мен Дмитрий Муратов (Ресей) алды. Сонымен қатар бұл марапаттың беделді лауреаттары өте көп. Мысалы, АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама 2009 жылы «Халықтар арасындағы ынтымақтастық пен халықаралық дипломатияны нығай­тудағы ерекше еңбегі үшін» иеленді. Журналистік зерттеу үшін аталған сыйлық қалай берілетіні туралы да ізденіп көрдік. Сыйлықтың шарты бо­йынша жеке адамдар бейбітшілік сый­лығына үміткер ұсына алады, бірақ өзіңізді ұсына алмайсыз. Ұсынуға құқылы тұлғаларға ұлттық үкімет мү­ше­­­лері, халықаралық бейбітшілік ұйым­­дарының лауазым иелері, университет профессорлары, бұрынғы лауреат­тар жатады.

Қалай десек те, қазақ ақыны, бейбітшілік үшін күрескен тұлға Олжас Сүлейменовті Нобель сыйлығына ұсыну бастамасы – әрине оң қадам. «Жолға шық, жол өзі апарады» деген Румидің сөзімен айтсақ, бір жақсы қадамның өзі көптеген жетістікке жол ашады. Бір күні Олжас Омарұлы Стокгольмдегі үлкен сахнада Нобельдік дәрісін оқып тұрмасына кім кепіл?